ГлавнаяБлог

IT-маман Данияр Мұханов: Таңғалдырса да, цифрландыру жағынан әлем үздіктері қатарындамыз

Android үшін бизнес-қосымшалар әзірлеуші Данияр Мұханов мобайл қолданбалар нарығы жайлы сауалдарға жауап берді

App Annie зерттеуінде ғаламның жарты тұрғынында смартфон бар делінген. Демек, мобайл қолданбалар нарығы алда тек дами береді деп болжам жасауға бола ма?

— Бұл нарықтың өсуіне алда потенциал бар. Бірақ, меніңше, Қазақстанда шырқау шыңында тұрған сияқты. Әрмен қарай сәл-пәл ғана өсуі мүмкін. Неге? Өйткені қазақстандықтардың негізгі дерлік бөлігінде смартфон бар, мобайл қолданбаларды қолдануды жақсы біледі. Мұндай деңгейде қолданыста болуына банк қосымшалары септігін тигізді. Себебі банкиң телефонға енгелі қарапайым халық та, кәсіп иелері де ақша аударымының осы тәсілін кеңінен қолдана бастады. Бұл смартфонды бұрынғы ойыншық не жылтырақтан мұқтаж затқа айналдырды. Яғни қазір адамдар үшін интернеттің болуы, мессенжерлер арқылы хат алмаса алу мүмкіндігі, ақша аударымдары — күнделікті қажеттілік.

Бізде, әсіресе, электрон коммерция өте жақсы дамыған. Тіпті дамыған елдермен салыстырғанда да үлесі жоғары. Сондықтан біздегі өсу потенциалы аса қарқынды болмауы мүмкін.

Ал жалпылама әлем бойынша өседі дейтін себебіміз әлі қаншама кедей елдер бар. Мысалы, Индонезия, Вьетнам, Үндістан, Бангладеш сияқты Азия елдерінің нарығы үлкен әрі әлеуеті де жоғары саналады. Бірақ олардағы ньюанстарды да ескеру керек. Айталық, халықтың басым бөлігінде смартфон болмаса, төлем қабілеті төмен болса, қолданба арқылы ақша табу екіталай болса, ірі бизнестің ол жаққа құмартпайтыны белгілі. Дегенмен баяу болса да, бұл нарық өсе береді.

Алда қандай бағытта дамиды деп ойлайсыз?

— Мобайл қолданбалар нишаға бөлінетін сияқты. Мысалы, Facebook-те достық, сурет, жаңалық — бәрі бар. Бұрын көбіне ол ұнаған болса, қазір керісінше шаршаған. Әр нәрсені белгілі бір мақсатта қолданғанды жөн көреді. Instagram — дүкендерге, Twitter — жаңалықтар үшін, Telagram хат алмасуға арналған дегендей. Осылай бөліп-бөліп алған. Алдағы уақытта Tik–Tok сияқты жаңа платформалар пайда бола береді. Әлбетте, бағытын дәл болжау қиын. Кәсіпкерлер де бизнесін лайықтау үшін қалай жылжып, қандай бағытта дамитынын білгісі-ақ келеді. Бірақ нақты айта алмаймыз. Айталық, Clubhouse жылт етті де, жоқ болды емес пе? Сол сияқты біреуі ескіріп, оның орнын жаңасы басып, жылжи береді.   

Әлеуметтік желілер туралы жалғастырсақ. Әлемдік трендтерге Қазақстан қаншалықты ілесе алып жүр?

— Әлемдік тенденцияда танымал адамдар жаңалығын Twitter-де бөліседі. Бізде бұл желі айтарлықтай сұранысқа ие емес. Есесіне, әлем бойынша Instagram-ды қолдану коэффициенті орташа болса, бізде ол әлдеқайда жоғары. Facebook-ке келсек, Қазақстанда бұл желі тым саясиланып кеткен сыңайлы. Tik-Tok желісінде қазақша контент көбейіп келеді. Қолданыс жағынан артта қалмаймыз деуге болады.

Ғаламдық желілерді қолданудан бөлек, отандық түрлерін дамыту керек деп ойлайсыз ба?

— Дамытсақ, жақсы. Мәселен, Instagram біздікі болғанда, таргет арқылы түсетін табыс бізге келер еді. Біздің өнім болмағандықтан, қаражатымыз шетелге кетіп жатыр. Бірақ, «ВКонтакте», Mail.ru желілері бар Ресейдің өзі көп жерде Instagram-нан ұтылады. Сондықтан отандық желіні дамыта алмасақ, онда тұрған ештеңе жоқ. Сала алпауыттарының монополиясына төтеп бере алмау — қалыпты жағдай. 

Қазіргі қолданушының мобайл қолданбаға талаптарын тізіп шықсаңыз. Олардың қалауы қандай?

— Жалпыға бірдей бірнеше талапқа тоқталайын. Олар: жарнаманың көп болмауы, ақпараттық қауіпсіздік және тартымды әрі түсінікті дизайн. Ең жиі қойылатын талаптар — осы. Қазір қолданушылар әр қолданбаны бір жүктеп ала бермейді. Ұнамай қалса, бірден өшіріп тастайды.

Отандық нарықтағы ахуал қандай?

— Бұл жерде анықтап алатын бір нәрсе бар. Егер артында бизнесі жоқ, тек қолданбаларды сұрасаңыз, ондай нарық бізде жоқ деуге болады. Ал жалпылама алатын болсақ, онда банктердің, тұрмысқа қажетті Olx, Kolesa, Krisha, Naimi сияқты сервистердің қолданбалары сұранысқа ие, өтімді. Бұлар — маркетплейстің бір түрі, үлкен инвестиция, командасы бар корпорациялардың қолданбалары. Сондықтан мобайл қосымшалар әлемінде өзара жарысып жатыр деуге келмейді.

Чат-боттарға келсек. Siri, Алиса сияқты жасанды көмекшілер 24/7 жауап беретінімен ыңғайлы. Бізде қаншалықты дамып жатыр?

— Қазақша аудионы мәтінге айналдыратын қосымша, мәтінді аудиоға айналдыратын бот бізде бар. Енді керегі — аудио мәтінге айналғаннан кейін, соны түсінетін ботты жасау. Natural language processing деп аталатын бұл процесс өте күрделі әрі қиын. Бұған бағдарламашылардан бөлек, филологтар тартылуы керек. Әрі сол тілде интернетте контенттің көп болуы шарт. Бізде алға жылжуы үшін уақыт және бизнесмендердің қолдауы қажет.  

«iOS жақсы ма, Android па?» деген сұрақ көптің көкейінде. Кәсіби маман ретінде аражігін ажыратып берсеңіз.

— Бұл екеуінің арасында айырмашылық өте көп. Apple iOS жүйесін өзінің өнімдеріне ғана арнап жасайды. Сондықтан қателігі аз, көрер көзге тартымды болады. Оның жасаушылары нақты қандай девайстарда ашылатынын біледі. Ал Android кез келген телефонға жарайтындықтан, кемшіліктері көбірек болып шығады. Яғни Android жүйесінде жазған маман ол қолданбаның қандай смартфонға орнатылатынын білмейді. Сол себепті әмбебап қылып жасауына тура келеді. Бір телефонда дұрыс істесе, енді бірінде сәл «қатып» қалуы мүмкін дегендей. 

Бұған қоса, Apple саясаты бойынша iOS-қа қолданба жазу үшін жылына 100 доллар, кәсіп иелеріне 200 доллар төлеу отыруыңыз керек. Ал Android иесі Google-да аккаунт ашу үшін бір рет 25 доллар төлейсіз де, қолдана бересіз. Іші пысқан адам еріккеннен iOS үшін жазбайды.

Бұл — тағы бір айырмашылық. Дегенмен соңғы кездері тұтынушылардың талғамы өскендіктен, Android-та бұрынғыдай қоқыс қолданбалар аз салынатын болып жүр. 

Бір айта кетерлігі, мұнда инновация жағынан дамуы керемет, Apple-дан әлдеқайда алда. Кейінгі уақытта үлкен бизнес иелері екі операциялық жүйе үшін де сапалы дүние жасауға тырысып жатыр. Дизайны да ұқсас. Себебі адамдар жиі телефон ауыстырады.

Осылайша тұтынушы талабына қарай барынша ыңғайласып жатыр десек болады.     

Мобайл коммерция пандемияда тіпті қарқынды дами түсті. Қазақстандағы жағдай қандай?

— Бүкіл әлемде дамып жатқан кезде, біздегі жағдай одан да асып түсті. Мәселен, «Технодом», «Магнум» электрон коммерциялық өнімдерін жасап шығарып жатыр. Оған қоса, әр банктің өз дүкені бар. Әрі дамытуға үлкен қаражат құйылып жатқанын да атап өту керек. Бәрінде IT-маман тапшылығы байқалады. Таңғалдыратын дүние болса да, біз цифрландыру тұрғысынан әлем үздіктерінің қатарындамыз. 

Қалай ойлайсыз, елдегі нарықты баламасы жоқ қолданбалардың болуымен бағалаған дұрыс па, әлде кең қолданыста болуымен бағалаған жөн бе? Өйткені отандық IT-мамандарды сынаушылар «өздері ойлап таппайды» дейді. Бұған қатысты не айтасыз?

— Меніңше, бұл — бос әңгіме. Себебі ойлап табатын дүниенің бәрі әлдеқашан жасалып қойған. Жай ғана халық қолдана алатын дүние жасау ғана маңызды. Айталық, баламасы жоқ қолданба шығардыңыз. Егер оны ешкім қолданбаса, қажеті қанша? Кез келген нәрсенің бірінші кезекте экономикалық  табысы басты көрсеткіш саналады. Мысалы, әлемдегі ең алғашқы әлеуметтік желі Facebook емес немесе Uber-ден бұрын 49 такси қызметі болған. Сондықтан бұл жерде дұрыстап жасай алу ғана маңызды. 

Кейінгі кездегі өзекті тақырып — әлеуметтік желілерде заңмен шектеу. Ойыңыз қандай?

— Тыйым салу — адам құқығына қарсы әрекет. Әрине, жасына қарай шектеу қойса, мәселе басқа. Ал қай желіні қолданып, қайсысын қолдануға болмайтынын шешуге қарсымын. Бізде әлеуметтік желінің арқасында қанша мәселе шешіліп, шындықтың беті ашылып жатыр. Минустары да жоқ емес. Дегенмен қоғам үшін орасан көмегі тиіп жатқаны шындық. Желіні жауып тастау ауруын жасырғанмен тең.