ГлавнаяБлог

Google жарысының финалисі Дана Ерланова 18 жасында оқуды тастап, жеке кәсібін қалай ашты?

20 жастағы кейіпкеріміздің бағдарламалау мектебінде қазір 90 оқушы білім алып жатыр, ал мектептің ай сайынғы айналымы - 3 миллион теңге

— Дана, кезінде Google Science Fair атты әлемдік жарысқа қатысқанның туралы білеміз. Одан бері 3 жыл өтіпті. ҚБТУ-да оқиды деп естідік. Бірақ негізі АҚШ-қа баруың керек еді ғой?

— Табиғатымнан кез келген нәрсені стандарт үлгімен емес, басқаша жасағанды жақсы көремін. Бұл мінезім мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенде де көрініс тапты. Басқалар ЖОО-да оқуды қаласа,  мен университетке бару туралы көп ойламайтынмын. Оның үстіне біз бітіретін жылы пандемия басталып үйде карантинде отырып, мектеп бітірдік.

Сол кезде — 18 жасымда үлкен арманым ақша табу болды. Себебі мен Америкаға тапсыру үшін кейбір емтиханға ата-анамның ақшасы жетіп тұрса да, тапсырмадым. Біз үйде төрт бала болғандықтан әке-шешеме ауыртпалық түсіргім келмеді. Солай кейбір емтиханды тапсырмағандықтан Америкаға бара алмадым. Ол мен үшін өте үлкен күйзеліс болды. Себебі АҚШ-қа кетейін деп тұрған адам болатынмын. Сосын ата-анам «Университетке тапсыр» деген соң ҚБТУ-ға түсе салдым. Бірақ онда 2,5 ай ғана оқыдым да, университеттен шығып кеттім.

— Неліктен оқудан шықтың? Ата-анаң қарсы болған жоқ па?

— Бұл негізі үлкен қадам болды. Әуелден университетке тапсырғым келмеген. Бірақ әке-шешем мен үшін қорықты. Себебі ол кезде жұмысым да болмады. Сондықтан олардың айтуымен университетте оқыдым. Бірақ Американы көріп, Google-дың  штаб-пәтерінде болып,  деңгейі өзімнен жоғары адамдармен араласқаннан кейін ҚБТУ-да ортамды таппадым.

Онда өзімді біртүрлі бөтен сезіндім. Оның үстіне курстастарымнан жасым да, түсінігім де, мақсаттарым да үлкен болды. Олар енді ғана сабақ жайлы көп ойласа, мен мүлдем басқа нәрсе туралы бас қатыратынмын, көбіне жұмыс істеп, сабақты ұмытып кететінмін. Сол үшін оқудан шығуды ұйғардым.

Бірақ бірден шығып кетпедім. Kolesa компаниясының тағылымдамасына қабылданғаннан кейін ғана нақты шешім қабылдадым. Бұл тағылымдаманы сәтті аяқтайтын болсам, дипломсыз-ақ жақсы жұмысқа орналаса алатынымды білдім. Солай менде «далада қалмаймын» деген сенімім болды. Содан кейін ғана шешімімді ата-анама айттым. Олар «Егер сен 1-курста осылай айтып жүрсең, 2-3-курста оқуды тастайтының айдан анық. Өзің дұрыс деп санасаң, соны жасай бер» деп түсіністік танытты.

— Сонда қазір еш жерде оқымайсың?

— Иә. Бірақ ай сайын біліміме шамамен 100 мың теңгедей инвестиция саламын. Бұл курс немесе менторлық сабақ болуы мүмкін. Кітап та аламын. Бірақ оқуды тастадым екен деп басқаларға да «Оқымай-ақ қойыңдар» демеймін. Себебі әр адам әртүрлі, соған қарай оның өмір жолы да сан қырлы. Сондықтан біреу университеттен шықты екен деп шығып кетпей, жағдайыңа үңілу керек.

Қазір университетте оқымаймын, себебі ол уақытымның көп бөлігін алады. Оның орнына уақытымының басым бөлігін өзімнің бизнесімді дамытуға бөлемін.

— Бағдарламалау мектебің бар. Не себепті осы бизнеске қадам бастың?

— Kolesa-ның тағылымдамасынан кейін Esentai Apartments-те орналасқан
Wanty компаниясында бағдарламалаушы болып жұмысқа орналастым. Оған дейін «Алгоритм» мектебінде оқушыларға бағдарламалаудан сабақ беріп жүрген едім. ІТ-компанияда қосымша жұмыс істеп, екеуін қатар алып жүрдім.

Аптасына 7 күн жұмыс істеп қатты шаршадым. Сонда түсінгенім: ақшамды қанша көбейткім келсе де, арттыра алмаймын. Себебі басқа адамдарға жұмыс істегендіктен әрқашан шекті сома бар, одан аспайды. 10 сағатымды өзіме пайдаланғым келсе де, шаршап тапқан ақшамның бәрі денсаулығымды дұрыстауға кетеді екен. Сондықтан біреуге емес, өзіңе жұмыс істеп бір нәрсе ашқым келді.

Сөйтіп бағдарламалау мектебін ашуды шештім. Осы салада мұғалім болып істегенімде бұрынғы жұмысымда жақсы көтерілдім. Маған алдымен Алматыдан, сосын Мәскеуден, Минскіден онлайн оқитын балалар тобын берді. Тіпті Haileybury (Kazakhstan) мектебіндегі ағылшын группаларын да жүргіздім. Менде шамамен  20-30-дай топ болды.

Шетелдегі балаларға сабақ бергенімде оларды қазақ балаларымен салыстырып көрдім. Біздегі оқыту әдістері мен оқушылардың психологиясында өте үлкен айырмашылық бар екен. Оларға қарап отырып, бізге тезірек даму керек екенін түсіндім. Сондықтан не істесем де, адамдарға пайдасын тигізетін іс жасауым керек деп осы мектепті аштым.

— SalemCode жұмысын қашан бастады?

— Бұл мектепті 2021 жылы тамыз айында аштым. Қазір командада бес адам бар: үш мұғалім, бір таргетолог және мен. Жұмысты бастағанда ЖК ашуға анам көмектесті. Ал салықтарға қатыстыны бір айдай бухгалтердің жанында жүріп үйрендім. Кейбір адамға осының бәрін бір сәтте жасай салған сияқты көрінемін. Олай емес.

Басында әрине қорықтым. Бірақ әр нәрсені жай-жайдан істеп, жоқтан бар істедім. Маған ата-анам рухани тұрғыдан көмектесті, ақшалай көмектескен жоқ. Себебі жеке кәсібімді ашуға ақшам жетіп тұрды. Басында 9 бала ғана оқыды. Қазір шамамен 6-7 айдың ішінде 10 есе өсіп, 90 балаға жеттік. 

— Бастапқы капитал қанша теңге болды?

— Мектепті ашып, жұмысты бастауға 1 миллион теңге кетті. Бұл ақшаны 18 жасымнан бастап, яғни 1,5 жыл бойы бағдарламалаудан сабақ беріп, 7 ай Wanty компаниясында жұмыс істеп жинадым. Басында төрт ноутбук, төрт компьютер ғана сатып алдық. Бәрі бірден керемет болған жоқ. Осы кеңсеге алғаш келгенімде бір кабинетте парталар, екіншісінде қоқыс сияқты заттар жатты. Сосын біртіндеп компьютерлер саны артты. Әрі қарай ай сайын кеңсені жалға алу құны, ұсақ-түйек заттарына 200 мың теңгедей салып тұрдық. Әр ноутбукті шамамен 70 мың мен 120 мың теңге аралығындағы бағада сатып алдық. Сонда тек компьютерлерге шамамен 500 мың теңге кетті.

Алғашқы клиентті қалай таптыңыз?

Алғашқы клиенттерім оқушыларым болды. Сабақ беріп жүрген орталықтан кеткенімде, сол жердегі біраз оқушым «Мұғалім үшін келдік» деп бұрынғы мектебінен шығып, маған келді. Солай таптық. Ал қазіргі уақытта клиенттер Instagram арқылы, кейбірі YouTube блогымнан біліп, енді біреулері жеке Instagram парақшам арқылы келеді. Жеке брендті дамытуға көңіл бөлемін.  

— Жұмысқа адам қабылдарда не нәрсеге мән бересің? Кадрларды қалай таптың?

— Әртүрлі университет, мектептердің әлеуметтік желідегі чаттарына жазып жүріп таптым. Head Hunter-ге ваканисия қою үшін белгілі бір сомада ақша төлеу керек. Бірақ енді ашылып жатқандықтан бірден бұл сайтқа жүгінбедім.

Жұмысқа адам қабылдарда қоятын ең бірінші талабым — жетістіктерінің болуы. Екіншісі — адамдарды жақсы көру. Бағдарламалаушылардың көбі адамдарды онша ұната бермейді, яғни интроверт. Оған да мән беремін. Менің командамдағы екеуі — экстроверт, біреуі — интроверт. Дегенмен интроверт мұғалім саласын жақсы біледі, аз топпен жақсы жұмыс істей алатындықтан үлкендерге соны қоямын.

Мұғалімдердің табысы берген сабағына байланысты. Ең көп дегенде айына 200-250 мың теңге аралығында алады. Сонымен қатар біздегі ұстаздар жұмысын университеттегі оқуымен  бірге қатар алып жүре алады.

— Сабақ қалай жүреді? Курс бағасы қанша теңге?

— Курс ұзақтығы — 3-6 ай. Аптасына үш рет, 1,5 сағаттан болады. Бізде балалар, оқушылар, студенттер және ересектер деген үш топ бар: кішкентай балаларға (8-9жас)
Scratch (скретч) оқушыларға Roblox, Java, ал студенттерге C++ және ересектерге Python, Java тілін үйретеміз.

Бағасы таңдаған курсына байланысты әртүрлі. Ересектерге 35-40 мың теңге  аралығында, балаларға 25 мың теңге шамасында. Төлем Kaspi QR, Kaspi Red бойынша да қабылданады.

Әр топта ең көп дегенде алты оқушы ғана оқиды.

— Нәтиже шығарған шәкірттеріңіз бар ма?

Иә, бар. Оқушыларымыз  Яндекс Лицейдің, Samsung-тың грантын ұтып алды. Мысалы, Дима деген шәкіртім бірнеше ай бұрын алдыма келгенде бағдарламалаудан ештеңе білмейтін. Қазір мобайл қолданба жазып жүр. Data science-ке қатысқан екі оқушымыздың бірі ІТ-компанияға тағылымдамаға қабылданса, екіншісі бізде мұғалім болып жұмыс істейді. Осындай жетістіктерді көргенімде қуанамын.

Әрине медальдың екі жағы бар: бір жағы нәтижесімен қуантса, екінші жағынан қатты шаршайсың. Кейде  осының бәрін жаба салып, Google-да бағдарламалаушы болып жұмыс істеп жүре беру керек пе деген ойлар да келеді.

Java, C++, Python, Kotlin тілдерін білемін. Mobile development-ты жақсы меңгергенмін. Бағдарламалауды нөлден бастап өзім үйрендім. Қызығушылығым болды, сосын интернеттен видеоларын қарап бастадым. Басында түсіну қиын болды. Әрбір бағдарламалау тілінің қалай жұмыс істейтінін, қандай жобаларда қолданатынын, жалпы  технологиясын түсінуге 2 жыл уақыт жұмсадым. Негізі бағдарламалауды интернеттен-ақ үйреніп алуға болады. Бірақ басында қиын әрі ұзақ уақыт алады. Осы жерде атап өтейін, қазіргі оқушыларым мен өз бетімше 2 жыл үйренген нәрсені олар 3 айда меңгеріп шығады.

Қазіргі уақытта қанша пайда қаншасы шығынға кетеді?

— Қазір бізде айналымда ең үлкен сома 3 миллион теңге болды. Таза табысым — айына 1,5 миллион теңге. Ал қалған 1,5 миллион әртүрлі шығынға жұмсалады. Кеңсе жалдауға 120 мың теңгедей кетсе, одан бөлек жарыққа, суға, тазалыққа төлейміз. Кейде компьютерлерді жөндеу керек болады. Жарнамаға айына 50-70 мың теңге шығарамыз.  

Бизнесте өзіңе сабақ болатындай қандай қате жібердің?

— Бірде менде 2,5 миллион теңгедей ақшам болды. Сол кезде машина алу деген сияқты материалдық затты ойлап кеттім де, ақшамды болмайтын нәрселерге жұмсап жібердім. Негізінде оны бизнеске салу керек еді. Бұл жеке кәсіп болғанымен бір қарағанда тірі организм сияқты. Ақша құйып, уақытың мен энергияңды салмасаң, бұл өліп қалады. Сондықтан бала сияқты қаншалықты өскен сайын соншалықты шығындары да артады.

Қандай жоспарларың бар?

— Қазір бізде 90 оқушы білім алып жүр. Енді соның санын 120 оқушыға жеткізгіміз келеді. Сосын әрине, Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте филиал ашып ұлғайту жоспарымызда бар. Менің ойымша, 3-4 филиал ашып соны  жақсы жүргізу жеткілікті. Сондай-ақ алдағы уақытта Data science және мобайл қолданба жасау курсын қоспақпын. Әзірге осы.