ГлавнаяБлог

Құрастырған роботтары бірнеше миллион теңгеге бағаланатын студент Бексұлтан Әйтен

Бексұлтанның құрастырып жатқан роботтары өндірісте 20 миллион теңгеге дейін бағаланады

Бексұлтан, инженерия саласына қызығушылығыңыз қалай оянды?

— Қызылордада туып, 6-сыныпқа дейін сонда оқыдым. Одан кейін Алматыға көшіп келдік. Алматыда №33 мектепте білім алдым. Жалпы сабақ үлгерімім жақсы болды, олимпиада-жарыстарға өте көп қатыстым.

2019 жылы Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке түстім. Ағылшын, түрік тілдерін үйреніп, білім сапасы жоғары деп таңдауым осы университетке түсті. Қазіргі таңда инженер және жаратылыстану ғылымдары факультетінде компьютерлік ғылымдар мамандығында 3-курста оқып жүрмін.

Бала кезімнен инженерияға қызықтым. Осы салада жүргеніме 7 жылдай уақыт болды. Мектептегі мұғалімдер инженерияға жақын екенімді байқап, көмектесе бастады. Қосымша сабақтар өтіп, түрлі жарысқа жіберетін. 11-сынып оқитын кезімде «База 2.0» деген курсты оқыдым. Роботехникадан курста сабақ бердім. Студенттер, балалар, жұмысшылар оқыды. Медреседегі балалар оқу бітірген соң табыс табуды да үйренсін деген мақсатта «Өте оңай» деген оқу орталығына курс жасадық.

Бағдарламалау тілін 2020 жылы офлайн үйреттік. Талантты балаларға тегін үйреткен кезіміз де болды. Қазіргі кезде университет жанындағы технопаркте жұмыс істеймін. Технопаркте техникаға жақын мамандар жиналған. Біреу код жазса, басқа біреу дрондарды жинайды. Әрқайсының өз ролі бар.

Оқуға түскен жылы технопаркті тауып алдым. Ал негізінде студенттер сабақтарына қарай 3-курста ғана келеді екен. Сосын бос уақытымда келіп, 2019 жылы жарыста ұтып алған 3D-принтермен жұмыс істеп жүрдім. Нәтижесінде технопаркте маған электроника ғана емес, басқа да техникаларды бере бастады. Жалпы технопаркте бір адам бір құрылғыға жауапкершілік алады. Осылайша барлық құрылғының жұмысын меңгеруге тырыстым. Міне, қазір 3-курста технопарктегі барлық құрылғыны қолданып, қалаған дүниемді жасай аламын.

Алматыдағы «ETU Robocon 2021» чемпионаты қалай өтті?

— Чемпионатта роботтар жарысы болды. Командамызбен автоматтандырылған және басқарылатын екі робот құрастырдық. Регламент бойынша құрастыруға 6 ай уақыт берілді. Бірінші роботтың міндеті – экспромттық планетаға «зымыран» жіберу, ал екіншісі белгілі бір траектория бойынша қозғалып, цилиндрлерді тасу жылдамдығы бойынша жарысты.

Ереже бойынша роботтар Arduino платформасында жұмыс істеуі керек. Бұл — процессоры мен жадысы бар шағын тақта. Барлық қажет параметрі бар, алдын ала жазылған бағдарлама процессорға жүктеледі, сол арқылы робот басқарылады. Командамызбен роботты өте аз уақытта жасап шығып, халықаралық чемпионатқа жолдама ұттық.

«ABU Robocon» халықаралық чемпионатына қандай робот жасайсыздар?

— Үндістанда өтетін жарысқа дайындыққа қазірден бастап кірістік. Үнді халқының лагори деген ұлттық ойыны бар. Қазақтың бес тас деген ойыны сияқты. Жарыстың шарты осы ойын негізінде құрылған. Ортада бес цилиндр тұрады.

Бірінші робот сол цилиндрлерді құлатуы керек. Екінші робот басында тұрған допты құлатып алмай, шашылған цилиндрлерді  жинауы керек. Жинау барысында басқа елдің роботтары оған доппен атып, кедергі келтіреді. Жинауға 60 секунд беріледі. Роботтың көлеміне келсек, биіктігі – 2 метр, ені – 1 метр. Қазір сол роботты құрастырып жатырмыз.

Осы уақытқа дейін өзіңіз жасаған жобалардың ішінде қайсын жоғары бағалайсыз?

— Дрон. Ардуиномен айналысатындардың арасында дрон — өте маңызды жобалардың бірі. Өйткені қанша күш салып жасағанымен ұшпай қалатын сәттері жиі болады. Бір рет өзімнің де басымнан өтті. Сол кезде неге менің қолымнан келмейді деп өзіме сұрақ қойып, қайта кірістім.

Қытайдан тауар алмас үшін барынша елімізден табылатын өнімдерді қолданғымыз келді. Өйткені ағаш сынған жағдайда кесіп, қайта құрастыруға 1 сағат 15 минут ғана кетеді. Солай дрон корпусын ағаштан жасадық. Дронды ұшырып, басқарып көрдік.

Келесі кезең — дронның gps арқылы нүктелерге баруы. Стартты басып, медициналық роботтар сияқты жеткізу қызметімен айналысуға, маңызды тапсырмаларды орындауға болады.

Біреудің жүрегі тоқтап қалса, дрон дәрі-дәрмекпен ұшып келеді. Жол кептелісінде жедел жәрдем көлігі уақытында келе алмайтын кезде қолдануға болады.

Жоба аяқталған соң университетте магистратурада оқитын студенттердің ғылыми жобалары бойынша ұсыныс алдым. Яндекстің жеткізу қызметі сияқты алгоритм жасап жатыр екен. Ол алгоритм бойынша картада екі нүкте беріледі, біреуі дүкен немесе кафенің, екіншісі — тапсырыс беруші адамның мекенжайы. Дрон осы екі нүкте арасындағы ең тиімді жолды таңдап, тапсырысты жеткізеді. Осы ұсыныс бойынша екі дронға тапсырыс алдым.

Толықтай өзіміз құрастырамыз. Негізі, болашақта дронмен адамды көтергіміз келеді. Қазіргі дронның көтеретін салмағы 2-3 келі болса, болашақта 80 келіге дейін болса деймін.

Бұдан өзге қандай жоба жасап жүрсіз?

— Дипломдық жұмысыма  дайындық ретінде «Рукоманипулятор» деп аталатын жобаны аяқтағым келеді. Яғни, қол сияқты робот алгоритм бойынша басқарылады. Жасыл түсті ағаштан жасалған. Алғашында өте қиын қозғалатын, алгоритм беру қиын еді. Қазір бұрыл, ал, көтер, қой деген тапсырмаларды орындайды.

Одан кейін тағы бір-екі «қол» робот жинап көрдім. Бір күні «Кука» деген 3 метрлік германиялық роботты ала аласың ба деген ұсыныс түсті. Қазір сол роботпен жұмыс істеп жатырмын. Қазақстанда бұндай роботты қолданатын кондиционер шығаратын зауыт бар екен. Жақында сол зауытқа тағы да білім алып, жұмыс істеп көру үшін тағылымдамаға барамын.

Бұған дейін Фольксфаген зауытында тұрған «Куканы» алу үшін өте көп нәрсені құрбан еттім. Дайын болған кезде 7-8 миллионға сатуға болады. Ол робот 210 келіге дейін көтереді. Қазіргі кезде тура сондай 500-ге жуық робот  Tesla зауытында жұмыс істеп тұр.

Біреуі алады, екіншісі бояп, машина құрастырып жатыр. Яғни, бұл роботты машина шығарушы зауыттарда қолдануға болады. Көп компанияларда мұндай робот бар. Бірақ оны программалап, іске қосу үшін шетелден маман шақыруға тура келеді. Кемінде 10 миллион теңге шығын кетеді. Егер бізде сондай мамандар болса, Қазақстанда робототехниканың дамуына қосатын үлесі болады деп сенемін.

Сондықтан бұл жобаны аяғына  дейін жеткізгім келеді. Сондай-ақ қазір электромобиль жасап жатқан жобам бар. Машинаға қойылатын аккумуляторы 4-5 миллион теңге тұратындықтан жоба уақытша тоқтап тұр.

Қазақстанның робототехника саласын қалай дамытқыңыз келеді?

— Елімізде робототехниканың бөлшектерін шығаратын өндіріс іске қосылса, екен деймін. Біз көп нәрсені шетелден, оның ішінде Қытайдан аламыз. Қазіргі кезде Қазақстанда жұмыс істейтін лабороториялар бар. Сосын көп заттар, мысалы, «Кука» сияқты роботтардың бәрі шетелден келеді. Олар өте қымбат бағада келеді. Сондай қымбатқа келген тауардың бір бөлшегі сынып қалса, шетелден алдырасың немесе шебер шақырасың. Оның келуіне бар жағдайды жасайсың.

Ал егер сол бөлшектерді өзіміз шығара алсақ, қаншама шығын өтелер еді. Қазір кішкентай нәрседен шығаруды бастадым. Ағашты ойлап кесетін ЧПУ деген станокты жасадым. Ол станоктарды шетелден алдыратын болса, ең арзаны 2-3 миллион теңге тұрады. Көлемі — 1-1,5 метр. Қазір сатылымға шығардым. Бағасы 500 мың – 1 миллион теңге аралығында болады.

Егер мектептер сатып алатын болса, балалар үйренеді және бұл станокты жиһаз жасайтындар да қолданады. Қазіргі кезде мектептерде 3D-принтерлер, лазер аппараттар бар. Тура солай ЧПУ станоктарын мектепке енгізуге болады. Ал негізі зауыттар бірден жұмыс істей алады. Бұзылып қалса, 2 сағатта жөндеуге болады.

Осылай өндірісті бастап кеттім. Болашақта «Кука» сияқты роботтар өзімізден шықса деймін. «Кука» кәдімгі темір-терсектер және логикамен жұмыс істейтін моторлардан құралған. Ал егер мен логикамен жұмыс істеуді үйренетін болсам, сол нәрсені қайталай алсам, неге өзімізде шығармасқа? Шетелден сондай роботты 20 миллион теңгеге алып келесің немесе өз елімізде шығарылған 4 робот аласың деген сияқты ғой. Отандық өнімді жасағым келеді.