ГлавнаяБлог

Жеке тәжірибе: ҚТЛ түлегі 33 шетелдік университетке қалай түсті?

Халықаралық университетке түсу үшін нені білу қажет, білім грантын қалай ұтып алуға болады және қандай бағыттар бойынша дайындалу керек - 5Q материалынан толығырақ біле аласыз

Шетел университеттеріне қалай тапсыруға болады?

 — Шетелдің жоғары оқу орнында білім алуды мақсат еткендерге оқуға түсуге дайындықты мүмкіндігінше ертерек бастауға кеңес берер едім. Әуелі мақсатыңызды айқындауыңыз керек — шетелдік университет сізге не үшін қажет? Маған бұл АҚШ, Ұлыбритания және тағы басқа сияқты дамыған елдерде алуға болатын сапалы білімнің көмегімен Қазақстан экономикасын дамыту үшін керек. Бұл жеке өз басыма көп мотивация береді.

Қазақстанда оқуға түсудің жалғыз критерийі – ҰБТ, балл жоғары болған сайын беделді университетке түсу мүмкіндігі артады. Шетелде бәрі басқаша. Емтихан – университетке түсу қадамдарының бірі ғана. Маңызына қарай оқуға тапсыру кезінде қажет құжаттарды былай тізуге болады:

·        Мотивациялық хат.

·        Қосымша эсселер (университеттің талабы бойынша).

·        Талапкердің сабақтан тыс қызметі және жетістіктері.

·        Мұғалімдерден ұсыныс хаттар.

·        GPA – орташа оқу үлгерімі.

·        Емтихан нәтижелері.

Университетті қалай таңдау керек?

– Барлық құжатты дайындап, емтихан тапсырсаңыз да, бұл екеуі таңдаған университетіңізге түсуге кепілдік бермейді. Сондықтан тәуекелге бармай, құжаттар пакетін бірден бірнеше университетке жіберген дұрыс.

50 ЖОО-ға өтініш жіберіп, соның 33-інен оң жауап алдым. Бұл бір қарағанда қиын емес — құжаттар пакеті мен эссе мазмұны барлық жерде бірдей дерлік, тек университеттің атауы мен кейбір нюанс өзгереді.

Университеттерді рейтингі мен орналасқан жеріне қарай таңдадым. Олардың барлығы дерлік Нью-Йоркте. Мысалы, Ithaca College, Colgate University, Pace university және Колумбия университеті – Айви Лигасының университеттері. Колумбияға түсе алмадым, бірақ Нью-Йорк университетіне резервке түстім, қазір одан растауды күтіп отырмын. Менің жағдайымда қаланы таңдау мамандық бойынша анықталды. Болашақ қаржыгер және экономиспін, ал Нью-Йорк – бүкіл әлемнің қаржы орталығы.

Университеттің беделі халықаралық рейтингтермен бағаланады. Мысалы, олардың ең танымалы — QS World University Rankings. Рейтингтің өзінде географиясы және мамандық бойынша университеттерге фильтр жасауға болады, бірақ жалпы көрсеткіш мамандығыңыз бойынша білім сапасын анықтамауы мүмкін.

Көптеген шетелдік университетте оқуға түсуге өтініш берудің бірнеше схемасы бар. Regular Decision – құжаттардың жалпы айналымы, дейдлайн — мектептегі соңғы оқу жылының қаңтар-ақпан айлары. Сондай-ақ одан ертерек болатын нұсқалар бар — Early Action және Early Decision.

Early Action бойынша тек бір оқу орнына өтініш беруге болады, егер талапкер оқуға түссе, ол осы университетте оқуға міндетті. Мұндағы дедлайн қараша айына дейін, желтоқсан айында шешім қабылданады.

Құжаттарды мерзімінен бұрын тапсырса, университеттерге түсу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Бәлкім, бұл тек ең мықты үміткерлердің бірінші ағымға қатысуға шешім қабылдауымен байланысты болуы мүмкін. Гарвард университетіне Early Decision-ге өтініш жібердім, бірақ, өкінішке қарай, өте алмадым.

Грантты қалай ұтып алуға болады?

– Университетке түсу оқуды қаржыландыруына кепілдік бермейді. АҚШ-та студенттерге қаржылай көмектің екі түрі бар. Біріншісі – merit-based scholarships. Мұндай стипендия үміткерлерге үздік оқуы мен оқудағы жетістіктері үшін төленеді. Ол әдетте білім алу құнының үштен бірін жабады.

Екінші нұсқа – need-based scholarships – мұқтаж жандарға қаржылай көмек. Көптеген үздік университет оқу ақысын төлей алмайтын студенттерге толық көмек көрсетеді. Мұндай грант тек оқуды емес, сонымен қатар ұшақ билетін, жатын орын ақысы мен тамақтануға арналған стипендияны қамтиды. Мен екінші нұсқаға өтініш бердім.

Университеттен мұндай қаржылай көмек алу үшін бұл сізге не себепті қажет екенін дәлелдеу керек. Ол үшін CSS Profile құжаттардың жалпы пакетімен бірге жіберіледі, онда отбасының тамақтануы мен өмір сүруіне байланысты кірістері мен шығынын, баспана құнын және тағы басқаларын көрсету керек, сондай-ақ тиісті қаржы құжаттарын ұсыну қажет.

Қазіргі уақытта бес университеттен толық қаржыландыру алдым, тағы бес университеттен растауды күтіп отырмын.

Қандай емтихандар тапсыру керек?

— Ең маңызды емтихандар — IELTS, TOEFL немесе Duolingo тілінің сынағы. Ол ағылшын тілінде оқуға мүмкіндік береді және қабылдау комиссиясының шешіміне әсер етпейді. Шекті балды алсаң болды.  Үздік университеттер IELTS-ті 7,5 деңгейінде талап етеді, мен 8 балл алдым, ал Duolingo-да 135 ұпай жинадым – бұл да бірінші сынақпен салыстырғанда «сегіздік».

7-сыныптан бастап шетелде оқығым келді, IELTS-ке 9-сыныпта дайындала бастадым. Мектебімнің тілдік базасы мықты болды – ҚТЛ-да ағылшын тілінен олимпиадаларға қатысатынмын. Соның өзінде 8 балға жету үшін 2 жыл қызу дайындық қажет болды.

АҚШ-қа түсу үшін стандартталған American College Testing (ACT) немесе Scholastic Aptitude Test (SAT) емтихандарын тапсыру керек. Бұл біздің ҰБТ-ның америкалық аналогтары. SAT АҚШ, Канада және Австралияда жарамды. Биылғы пандемияға байланысты көптеген америкалық университеттер студенттерге емтихансыз тапсыруға рұқсат берді. Егер SAT-тан жоғары балл жинасаңыз, оны қосып жолдауыңызға болады, өйткені бұл үздік университеттерге түсу мүмкіндігіңізді арттырады.

Тестілеуден 2 ай бұрын SAT-қа дайындала бастадым, әрине, керемет нәтиже көрсете алмадым. Сондықтан нәтижемді жолдамауды шештім, оның орнына мектептегі оқу үлгерімімді жібердім, GPA көрсеткішім ең жоғары көрсеткіште — 5,0.

Мотивациялық хатты қалай жазу керек?

— Бұл – талапкердің өтінішіндегі ең маңызды құжат. Үміткер эсседе неліктен дәл осы университетте таңдаған мамандығы бойынша оқығысы келетінін сипаттайды. Мотивациялық хаттың мақсаты — комиссияны 650 сөзбен сізді таңдауға сендіру. Эссемде дебаттар туралы жаздым, ал марапаттар мен халықаралық дебат турнирлеріне қатысуым — маған болашақта пайдалы болуы мүмкін құнды тәжірибе.

Барлық университеттің талапкерлері жазатын нақты эссе тақырыптары бар. Олар жыл сайын өзгереді, АҚШ бойынша оларды Common Application платформасынан табуға болады. Бұл — университеттерге түсуге арналған жалпы қосымша, ұқсас платформа Ұлыбританияда бар — UCAS.

Кейбір университет қосымша эсселерді талап етеді, олардың тақырыптарын ЖОО өзі анықтайды. Мысалы, Гарвардта эссе «Сабақтан тыс сүйікті іс-әрекетім» тақырыбына арналды, ал Нью-Йорк университетінде не себепті Нью-Йоркте оқығыңыз келетінін жазу керек болды.

Қайталап оқу үшін эссені алдын ала жазып қойған дұрыс. Басқалардың сын-пікірін, көзқарасын білу де жөн. Біздің мектепте мотивациялық хатқа жауапты мұғалімдер бар. Олар эссемді төрт рет өңдеді. Қабылдауға дайындалуыма алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына түскен ҚТЛ түлектері де көмектесті.

Оқуға қабылдануға тағы не әсер етеді?

– Оқу үлгерімімен қатар талапкердің сабақтан тыс жұмысы (extracurricular activities) мен жетістіктері де ескеріледі. Бұл тіпті бағадан да маңызды. Сондықтан көбі волонтерлық қозғалыстарға, үйірмелерге, тағы басқаларына қатысады.

7-сыныптан бастап дебатқа құмармын, сонымен қатар ҚТЛ президенті болдым (бұл мектептегі мектеп өзін-өзі басқарудың ең жоғары сайланған адамы) және әлеуметтік жобаларды (ҚТЛ мектептерінің редакциясы — BIL press және волонтерлар клубы – BIL volunteers) басқардым.

Мұндай іс-шаралардың мақсаты — дағдыларыңызды, мықты тұсыңызды және белгілі бір салаға шынайы қызығушылығыңызды университетке көрсету. Сондықтан жетістіктеріңіз таңдаған мамандықпен байланысты болуы маңызды. Мысалы, президент болу, әлеуметтік жобалар Social Sciences & Management салаларына қажет көшбасшылық қасиеттерді аңғартады.