ГлавнаяБлог

Жұман Жұмабековтің «подпольный» жекпе-жектен кәсіби рингке дейінгі жолы

Алматыда 5 наурыз күні өтетін Naiza 37 турнирінде Жұман Жұмабеков кореялық Со Юнг Июге қарсы қолғап түйістіреді

— Жұман, ММА-ге қалай келдіңіз? Бокспен шұғылдағаныңызды білеміз.

— Спортқа мектеп қабырғасында жүргенде келдім. 6-сыныпта оқып жүргенімде күреске қатыстым. Алматыға келген соң ММА-ге қызыға бастадым. 23 жасымнан аралас жекпе-жекпен шұғылданып келемін.

— Неге бокстан кеттіңіз? ММА-ге ауысуға не түрткі болды?

— Күрестен кейін аралас жекпе-жекке келгеніммен кәсіпқойда бокстан айқас өткіздім. ММА-ден жаттықтырушым Сағатбек Мұсаханов болды. Ол — өте тәжірибелі бапкер. Ардақ Назаров, Жанқош Тұраров, Әли Балоев сияқты танымал спортшыларды тәрбиелеп шығарған. Алғаш бокстан жекпе-жек өткізуді жаттықтырушым ұсынды.

— Кәсіби ММА-дегі алғашқы жекпе-жегіңіз есіңізде ме?

— Әрине, есімде. Кәсіпқойға келмей жатып «подпольный» жекпе-жектер өткізгенмін. Сондай-ақ әуесқойлар арасындағы түрлі турнирге шығып жүрдім. Кәсіби мансабымды Ақтауда 2013 жылы өткен NFC турнирінде бастадым. Менімен қатар ол кезде Сергей Морозов, Жалғас Жұмағұлов, Шыңғыс Қайранов та жекпе-жегін өткізіп жүрген.

— Алғаш жеңіліс тапқанда қандай сезімде болдыңыз? Не өзгерді?

— Ең алғаш FNG турнирінде орыс спортшысынан жеңілдім. Өзім қате жібердім. Қолымдағы мүмкіндікті жіберіп алдым. Әрине, алғашқы жеңіліс ауыр тиді. Дегенмен өзіме дұрыс қабылдай білдім. Қатеден үйренерім көп деп түйдім. 

— Жас спортшылар жеңілгенде өздерін қоярға жер таппай, ауыр қабылдап жатады. Оларға айтар кеңесіңіз бар ма?

— Жастар «ешқашан жеңілмейміз» деп ойлайды. Бірақ ондай жетістікке жететін спортшылар өте аз. Жүздің бірі ғана. Оларға айтарым, ешқашан мойымаңдар. Жеңіліс те — жеңіс сияқты спорттың бір бөлігі. Бастысы — өмірде сағың сынбасын. Спорт екінші орында. Тек мақсатыңнан тайма.

— DAR Team командасының құрамындасыз. Жасалып жатқан жағдайға көңіліз тола ма?

— Бұған дейін екі командада болғанмын. Бірі – Қазақстан ММА қауымдастығы, екіншісі – Arlan Pro. Қазір DAR Team командасының құрамында жүрмін. Бәрі көңілімнен шығады. Бір ерекшілігі, DAR Team-да саған тек спортшы ретінде қарамайды. Өмірде де, спортта да барынша қолдау көрсетеді.

Өз тарапымнан команда жастарына көмегімді тигізсем деймін. Жасы да, үлкені де бәрі бір-бірін қолдайды. Командамызда әлемге танымал спортшылар бар. Шавкат Рахмонов UFC-ді шулатып жүрсе, Асу Алмабаев мұхиттың арғы жағын әлі-ақ мойындатады. Фаниль Рафиков елімізде жақсы танымал. Айдын Күдеков те болашағынан көп үміт күттіреді. Осындай команда жинап, қолдау көрсетіп жатқан Алидар ағамызға рахмет айтқым келеді. Спортшылардың деңгейін көтеріп жатқан жаттықтырушыларымыздың да еңбегі орасан зор.

DAR Team командасында спортшылардың тек физикалық жағдайына емес, рухани жағынан бай болуына назар аударады екен. Сіз өзіңізді қалай дамытасыз?

— DAR Team командасына келгелі кітапты көп оқи бастадым. Қазір оқу-жаттығу жиынында әрбіреуіміз бір кітаптан оқып жүрміз. Даңқты боксшы Мұхаммед Әлидің «Ғасыр айқасы» деген кітабын оқып жатырмын.

— Келесі жекпе-жегіңізде наурызда өткізесіз. Қарсыласыңыз кореялық Со Юнг Ию болмақ. Олар туралы не айтасыз?

— Маған ұсыныс түсті. Ол жігіт туралы жарты жыл бұрын білдім. Шетелдік спортшымен жұдырықтассам дегенмін. Ұсыныс түскенде бапкерлеріммен ақылдасып, өзара келістік. Қарсыласымды зерттедім. Корей спортшылары өте төзімді келеді. Бұрынғы жекпе-жектерін қарап шықтым. Бапкерлеріммен жоспар құрып, барлық тараптан дайын боламын деп сенемін.

— Дайындығыңызды қалай өткізіп жатырсыз? Шетелде, әлде елде? Бокс, күрес сияқты ММА-дің қай аспектісіне көбірек көңіл бөліп жатырсыз?

— Аралас жекпе-жекте жан-жақты дайын болу керек. Бір күреспен, не бокспен шектелмейді. Жиын тауда өтіп жатыр. Жоғарылыған сайын қысым да жоғарылайды. Сәйкесінше, дайындық та оңайға соқпайды. Қазір жиында қиналсам, оның жемісін ертең жекпе-жекте көреміз.

— Егер осы жекпе-жекте жеңіске жетсеңіз, Айжігіт Еркебайұлына қарсы қарымты жекпе-жек сұрайсыз ба?

— Айта берсек әңгіме көп. Жеңілгенімді мойындаймын. Мойындау да еркекке тән қасиет қой. Өмірімде мұндай жеңіліс көрмеппін. Басында қабылдау ауыр болды. Қарымта жекпе-жек сұрағым келді. Бірақ енді алға жүгірмей, ойлану керек. Жеңіске жетіп жатсақ, неге жекпе-жекке шақырмасқа? Қарымта айқастың ауылы алыс емес.

— Мансабыңызда жеңіс аз болған жоқ. Осы жеңіске жетудегі еңбек пен сәттіліктің пайызы қандай?

— Сәттілік 1% ғана, ал еңбек – 99%. Мен солай қалыптасқан адаммын. Еңбексіз ештеңе өнбейді. Сол себепті көп жаттығуға тырысамын. Ағзаға демалыс аз беремін. Көбірек жаттығуға тырысамын. Дегенмен сәттілік те болуы керек. Жекпе-жекке қалай жақсы дайындалғанымды білемін. Бірақ бір қателік бәрін шешіп кетті.

— Жекпе-жекке дайындық барысында ең қиыны салмақ қуу дейді. Сізге қалай?

— Жекпе-жек бөлек, салмақ қуу бөлек әлем. Өзінің қиындығы бар. Өтірік айтпай-ақ қояйын, маған салмақ қуу өте ауыр тиеді. Салмақ қуудан гөрі 5 раунд жекпе-жек өткізу оңайырақ. Қалыпты салмағым 74 келі болса, жекпе-жекке 64 келіде шығамын. Айқасқа бір ай қалғанда дұрыс тамақтанып, салмақ тастаймын. Зиян тағамдардан, майлы, ұнды тамақтардан бас тартамын. Спорт қиындықсыз болмайды. Оңай болса, екінің бірі спортшы болмай ма?

— Мансабыңызды өзгерткен кезең деп қай кезді айта аласыз?

— Нокаутпен жеңілген жекпе-жегімді айта аламын. Кімнің кім екенін көрдім. Жанымда жүргендердің қайсы нағыз дос, қайсы арамдық ойлағанын түсіндім. Құдай кімнің жан дүниесі қандай екенін білуші ғой. Ең бастысы, өзіме сабақ алдым. Ой түйдім. Өмірде сағым сынбаса, болғаны. Анам жанымда аман-сау жүр, соған шүкір айтамын.

— Спорттық режимді жиі бұзасыз ба? Оны бұзған жағдайда өзіңізді жазалайсыз ба?

— Ес жиған жасқа келдік қой. DAR Team командасында тәртіп бірінші орында тұрады. Оның үстіне бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін деген принициппен жүреміз. Кез келген нәрсені команда болып шешеміз, ақылдасамыз. Жеке басыма келгенде спорттық режимді бұзбауға тырысамын. Кішігірім қателер болуы мүмкін.

— Біреу спортқа тарихты жасау үшін келеді, біреу өзгеріс жасаймын деп келеді. Сіздің спорттағы миссияңыз қандай?

— Анаммен мансабымды 35 жасымда аяқтаймын деп уәделескенбіз. Өйткені анама жекпе-жектерімді көру ауыр тиеді. Ал спортта бірдеңені өзгертемін, тарихта атымды қалдырамын деп ойламаппын. Бастысы — ертең балаларымның алдында, менен кейінгі буынның алдында абыройлы мансабым болды деп айтсам деймін. Әркімнің өз тарихы бар.

— Қазақстан ММА-ге не бере алдыңыз және болашақта тағы не бере аласыз?

— Жас буынның ішінде 100 бала демеймін, 10 шақтысы маған қарап бой түзеп, тәрбие алса, бұл — маған абырой. Менің спортқа берерім — осы. Өмір әр қилы ғой. Біреу бірден чемпион болуы мүмкін, енді біреуі ұзақ уақыт еңбектенуі керек. Менің мансабым енді басталған шығар. Берерім әлі көп.

— Спортшыға қажет үш қабілет не?

— Жүрек, ақыл, мінез.

— Спортшыға қажет үш дүние?

— Мотивация, жақсы команда, мықты әрі ақылды жаттықтырушы.

— Спортшы оқуға тиіс үш кітапты атаңызшы.

— Спортшылардың өмірбаяны туралы кітаптар. Оның ішінде, Хабиб Нурмагомедовтің «Отец» деген кітабы. Майк Тайсонның өмірбаяны туралы кітап және Мұхаммед Әлидің «Ғасыр айқасы» кітабы.

— Спорт не береді?

— Жақсы достар, өмірлік тәжірибе, көп саяхаттауға мүмкіндік және денсаулық береді.

— Артыңыздан ерген жас буынға айтарыңыз…

— Әлеуметтік желіде «Кәсіпқойға қалай келсем болады?» деп көп сұрақ қойып жатады. Бәріне айтарым – еңбектеніңдер. Тер төгіп еңбектенсең, жемісін көресің. Ешқашан асықпаңдар. Бәрі өз уақытымен келеді.