ГлавнаяБлог

Қазақша үйреніп жүргендер неден қорқады және тілді не үшін үйренгісі келеді?

Қазақша сөйлеуден қорыққан Әйгерім мен қазақ тілі мұғалімі Алтынайдың әңгімесі

DAR компаниясының видео өндірісі менеджері Әйгерім Ноғайбаева қазақ тілін үйренуге не түрткі болғанын және бұған дейін қазақша сөйлеуден не үшін қорыққанын айтып берді. Ал қазақ тілі мұғалімі, әдіскер Алтынай Өтегенова өзінің авторлық курсы жайлы әңгімеледі.

Әйгерім Ноғайбаева, қазақ тілін үйренуші:

«Қазақша сөйлесем, масқара боламын деп қорыққан сияқтымын»

Бұған дейін «қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс айтпай қаламын ба» деп қорқатынмын. Біздің жақта – Павлодарда адамдар тек орыс тілінде сөйлейді. Үйде орысша сөйлестік, мектепте де солай. Шынымды айтсам, мектепте қазақ тілінде сөйлейтін адам кемде кем еді. Балалардың өзі қазақ тілін менсінбей, қазақша сөйлегендерді келеке ететін. Қазақша сөздерді дұрыс айтпай қойсаң, мазақ етіп күледі. Сондықтан қазақша сөйлесем, масқара боламын деп қорыққан сияқтымын.

Курсқа барып жүріп осы қорқынышты жеңдім. Қазақша сөйлей бастадым, сөздік қорым артты. Қазақша ойлай бастадым. Осы процестің басталғанына қуанам. WhatsApp-та тек қазақша жазуға тырысып жүрмін. Қазақша сөйлейтін әріптестеріммен ана тілімде әңгімелесемін. Біздің елімізге осы тілді аман сақтап қалу үшін, осы тілде сөйлеу үшін күресу керек болған сияқты. Сол жаныма батады.

Әйгерім қазақ тілін не үшін үйреніп жүр?

Ең әуелі, ана тіліме қатысты психологиялық блоктарымнан құтылу үшін үйрене бастадым. Қазақ тілі – ана тілім, мақтанышым. Қазақ тілін білмегенде жаныма бірнәрсе жетпей тұрғандай күй кешетінмін. Қазақша үйренудегі тағы бір мақсатым мынау: болашақта белгілі бір себептермен шетелге кетуді жоспарлап жүрмін. Онда ана тілімнің қандай екені жайлы әңгімелеп, қазақша сөйлегім келеді.

Жалпы, отаның қай ел екенін көрсететін нәрсе – тіл. Мысалы, испандар, түріктер, украиналықтар өз тілін қатты жақсы көретінін байқаймын. Олар ағылшын тілін білмеуі мүмкін, бірақ ана тілінде сайрап тұрады. Ал мен қазақ бола тұра ана тілімді жақсы білмеймін. Осы олқылықтың орнын толтыруға ниеттімін.

«Өкінішке қарай, ортамда қазақша сөйлейтіндер аз»

Мен үшін қазақ тілі грамматикасы қиын емес. Тек тілді жиі қолдану керек, бірақ, өкінішке қарай, ортамда қазақша сөйлейтіндер аз. Оның үстіне, жұмыс көп болғандықтан сабаққа үзбей қатыса алмаймын. Әйтпесе, жалпы курсқа барып жүргеніме бір жылдай болып қалды. Кейде айлап қатыса алмай кетем.

Маған Алтынайдың сабақты ойын түрінде өткізетіні және практиканы көбірек қолданатыны ұнайды. Практика жасаған сайын қазақшам әжептәуір жақсарды. Бүгінде қазақ тілі курсына басымдық беріп жүрмін.

Алтынай Өтегенова, қазақ тілі мұғалімі әрі әдіскері:

Қазақша үйреніп жатқандардың қандай психологиялық блоктары бар?

Олар бала күнінде аулада, балабақшада, мектепте бір-бірінің қазақша сөйлегенін мазақ етуі мүмкін. Сөзді дұрыс айтпай қалудан, түбі мазақ болудан қорқу тіл үйренуге кедергі. Сабаққа келген адамның әуелі осы қорқыныштарына мән беремін. Сондай блоктардан арылуға қатысты жаттығулар жасатамын. Ондай жаттығулар қазақ тіліне деген махаббатты да оятады.

Қазақ тілін қанша айда үйренуге болады?

Менің курсыма қатысатындардың 70%-і қазақ тілін мүлдем білмей келеді. Ондай адам сабаққа жүйелі түрде аптасына 2-3 реттен қатысса, 1,5-2 айда тілді тұрмыстық деңгейде сөйлеп үйренеді. Сабақ өткен күні үйге барғанда тілге 5-10 минут болса да, уақыт бөліп, өткен тақырыпты бір шолған дұрыс.

Жалпы, қазақ тілін кемі 6 ай, ұзақ дегенде 1 жылда үйреніп алуға болады. Осы уақыт ішінде қазақ тіліндегі контент оқитын деңгейге жетуге мүмкіндік бар. Қандай тіл үйренсе де, үйренушінің сол тілге деген махаббаты, құрметі болуы қажет. Тіл деген жай грамматика емес, көп құрылымды, жаны бар нәрсе.

Қазақша сөйлемейтіндер тілді не үшін үйрене бастады?

Маған өзге ұлт өкілдері көбіне «Қазақстанда тұрсақ, қазақ тілін үйрену керек» деген саналы оймен келеді. Ал өз қазағымыздың, әсіресе жастар арасында ұлтжандылық оянғанын байқаймын. Дәл қазір оқуға келетіндердің намысы мен патриоттық сезімі жалындап тұр.

Мәселен, Әйгерімнің генетикалық коды қазір буырқанып, ана тілінде сөйлеуге итермелеп жатыр. Оған қоса, елімізде бизнестің қай түрі болса да, қазақ тілін қолдану қажеттігі туды.

Авторлық курс қалай өтеді?

Ресей полиглоты, синхрон аудармашы Дмитрий Петров деген әріптесім бар. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Ол былай дейтін: «Тіл сәнге айналуы керек, сонда бәрі осы тілде сөйлейді». Қазір қазақ тілінде сөйлеу сәнге айналып келеді.

Мен студенттерімді өзінің авторлық курсым арқылы оқытамын. Түрлі әдіс қолданамыз. Соның бірі – жаңа сөздерді жеке-жеке емес, сөз тіркесімен, сөйлеммен бірге алып жаттау. Мен көбіне тіл үйренушінің мамандығына мән берем. Мысалы, HR бөлімінің жетекші маманына іс-қағаздарға қатысты жаңа сөздер жаттатамын.

Менің мақсатым – адамды қазақша сөйлету. Сондықтан авторлық курсымды деңгейге бөлмеймін, ол үш модульден тұрады. Дегенмен біз өткен тақырыптарды қайталай береміз, өйткені қайталанбаған ақпарат жадыда бекімейді.

Бірінші модульде етістік, уақыт, жай сөйлемнің құрылымы деген сияқты қарапайым тақырыптарды өтеміз. Әсіресе, етістікке мән береміз. Әуелі «мен барамын» деген тіркесті үйренсек, сосын «мен бүгін барамын», «мен 2 күннен кейін барамын» деп құрылымын кеңейте береміз. Бұл модульді оқитындарға сабақты көбіне орысша жүргізем.

Екінші модульде сөйлемге шартты рай қосып, күрделендіріп құрастырамыз. «Мен бүгін барсам, сенімен жолығамын» деген сияқты. Екінші модульді оқитындарға сабақты көбіне қазақша өтем. Осы екі деңгейді бітіргеннің өзі берік негіз болады.

Ал үшінші модуль қазақша сөйлесуді, қазақша кітап оқып, фильм көруді үйретеді. Ал әр модульдің артықшылығын сабаққа келген студент біле алады.

Бұл әдістемем бойынша 13 жылдан астам уақыт сабақ беріп келемін. Мұғалім ешқашан болдым-толдым дей алмайды. Мысалы, осы авторлық курсымды жыл сайын жақсартып отырам, заман өзгеріп, дамыған сайын соған сай етуге тырысам. Осы уақыт ішінде ірі компания басшыларын, қызметкерлерін, басқа да қатысушыларды, жалпы 3 мыңға жуық адамды оқыттым.