ГлавнаяБлог

«Бұрын қызмет етуші деп қарайтын». Елімізде джаз қалай дамып жатыр?

Қазақстандағы джаз туралы Ирэна Аравинамен сөйлестік

Джаз – музыканың жанды дауыста шырқалатын, ылғи өзгеріп, дамып отыратын бір саласы. Музыкатанушы және джаз әншісі Ирэна Аравинамен Алматыдағы EverJazz джаз фестивалі аясында әңгімелестік. Фестиваль 19 қазаннан бастап қатарынан 4 күн өтеді.

Қазақстанның джаз музыканттары қайда білім алады?

Қазақстанда джаз мәдениеті 1960-жылдары басталды. Елімізде джазды бастаған ғажайып буын мұны өзінен кейінгілерге үйретті. Ал олар білгенін қазіргі буынға үйретіп жатыр. Еңбегі зая кетпеді. Қазір өзімізден шыққан джаз музыканттары халықаралық фестивальдерге қатысып жүр. АҚШ, Еуропадағы джазды оқытатын оқу орындарына түсіп жатыр. Мысалы, Олег Ткаченко, Анастасия Петрова сияқты алматылық студенттеріміз қазір шетелде оқиды. Тіпті кейбірі осы аймақтарда университеттер мен колледжерде сабақ береді.

Ирэна Аравина

Шетелде жүрген музыканттар Қазақстаннан шыққанын мақтан тұтады. Олар қазақтың дәстүрлі ән-күйін джазға икемдеп аранжировкасын жасап, оны әлемге танытып жүр. Бостонда Беркли музыка колледжінде джаз музыканттарының қауымдастығы бар. Сол қауымдастықта Қазақстан өте танымал. Еліміздің джаз әншілері түрлі концерт ұйымдастырады. Беркли колледжі Америкада да, әлем бойынша да қазіргі музыка жөнінен ең үздік оқу орнының бірі саналады.

Анастасия Петрова есімді джаз музыканты, пианисіміз бар. Ол Берклиде оқып келген. Қазір Америка, Еуропада концерт өткізіп, халықаралық байқауларда жүлделі орын алып жүр.

Қазіргі джаз тыңдармандары кімдер?

Қазір елімізде джаз тыңдармандары жақсы жаққа қарай өзгерді. Бұрын өнер көрсеткенімде маған қызмет етуші персонал деп қарайтын. Келіп «қане, бізге Wonderful world немесе Summertime орындап жіберші» дейтін. Бар білетін әндері – сол.

Фестивальдің бірінші күні. Фото: Леонид Леонтьев

Ол көпшіліктің білімі таяз еді. Ал қазіргі тыңдармандар әнге тапсырыс бермейтіні былай тұрсын, әнші арнайы дайындаған әнге ұйып отырады. Тыңдарманның мәдениеті мен джаз стилін қабылдау деңгейі артты. Оған қоса, бір концерттен көрген тыңдармандарды, басқа концерттерден де байқап жатамын. Мұның бәріне қуанамын.

Қазіргі джаз тыңдармандарының жасы әртүрлі. Көбі баласын ертіп келеді. Балалар әнді тыңдайды. Демек оларға ұнайды, баланы алдай алмайсың.

Джаз музыканттарынан кімді тыңдаған дұрыс?

Кімді тыңдауды тыңдарманның өзі шешеді. Джаз өте ауқымды, мыңдаған бағыты бар. Дегенмен музыканың бұл түрімен енді танысып жатқандар 1930-жылдардағы әндерден бастағаны жөн. Бұл – джаздағы gold swing ғасыры. О заманнан Луи Армстроң, Дюк Эллиңтон, Элла Фицджеральд, Чик Уэбб, Лестер Яң сияқты оркестрларды тыңдауға болады.

Әр нәрсені басынан бастаған жөн шығар. Сондықтан джаз мәдениетінің осы алтын ғасырындағы музыкаларды тыңдауды ұсынамын. Оған қоса, кинорежиссер Кен Бернстың «Джаз» деген деректі фильмін көру керек. Кен Бернс джаз тарихы туралы аса ірі құжаттар, фотолар жинап, интервью жасап, 12 сериялы кино түсірген.

Қазақстанда джаз әншісі болу үшін не істеу керек?

Фото: Леонид Леонтьев

Джаз тыңдау керек. Джазды тыңдай берсең, солай ән шырқағың келеді, болмаса сондай аспапта ойнауға көңілің ауады. Сосын бұл ойды жүзеге асырудың жолдарын қарастыра бастайсың. Джаз айтатын адамдарды іздеп тауып, үйренуге асығасың. Алматыда Тагир Зариповтың джаз мектебі бар.

Джаз музыканттары тек Алматыда тұра ма?

Еліміздің түкпір-түкпірінен джаз музыканттары шығып жатыр. Атырауда, Рудныйда, Қостанайда, Теміртауда, Қарағандыда, Шымкентте біршама джаз әншісі бар. Өйткені бұл музыканы бәрі жақсы көреді. Бұл музыканттар бір-бірімен музыкалық ой арқылы қарым-қатынас орнатады. Бір-бірін сахнада өте жақсы түсініп кетеді.

Фото: Леонид Леонтьев

Көбіне музыканттар Алматыға келіп өнер көрсетеді. Дегенмен джаз фестивальдері Астанада, Қарағандыда, Шымкентте, Павлодарда ұйымдастырылады. Оған жергілікті джаз әншілері қатысады. Мысалы, Қарағандыда джаз биг бэнді бар. Оған еңбегі сіңген қайраткер Игорь Андрейченко жетекшілік етеді.

Елімізде джаз музыканттары, алдыңғы аға буын болса да, кейінгі іні буын болса да бір-біріне тілектес. Бәрі ортақ іске жұмылған, бір-бірімен бәсекеге түсіп жатқан ешкім жоқ. Олардың бәрін біріктірген — ғажайып джаз музыкасы.

Фотолар авторы: Леонид Леонтьев