ГлавнаяБлог

Бедеуліктен емделуге психолог қалай көмектеседі?

2021 жылдың жаз айында «Әйел денсаулығы KZ»ағартушылық жобасы мен BISAM Central Asiaкомпаниясы бірлесіп 18-60 жас аралығындағы 1202 респонденттің қатысуымен сауалнама-зерттеу жүргізді. Сонымен қатар тағы 2083 әйел «Яндекс-көзқарас» ресурсында зерттеушілер сұрағына жауап берді. Нәтижесінде, респонденттердің 36,10%-ының баланы жоспарламай дүниеге әкелетіні белгілі болды.

Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан әйелдердің 12,9%-ы түрлі гормон қабылдаудан қорықса, 26%-ы заманауи контрацепцияны қолдайтынын айтқан. Осы орайда репродуктолог-дәрігер, профессор, Қазақстан репродуктив медицина қауымдастығының президенті, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Вячеслав Локшин репродуктив денсаулықты сақтау және қалыпқа келтіру маңызды мемлекеттік және медициналық міндет екенін атап өтті. Сау генетикалық қор болуы үшін жыныстық білім мен ағартушылық қызметті жастардан бастауға кеңес берді. 

«Қолымызда бар статистикадан қазақстандық азаматтарымыздың отбасы құруды жоспарлау, жүктілік және гормондық фобия туралы ақпаратты білу деңгейінің төмен екенін көріп отырмыз. Қандайда бір аурусыз, дүниеге сау баланың келгенін қаласақ, онда жүктілікті алдын ала жоспарлау маңызды.

Сонымен қатар, бұл болашақ ананы әртүрлі аурудан сақтандырады. Жүктілік арасының кемінде 2-3 жыл болғаны жақсы. Біріншіден, босанған соң ерлі-зайыптының арасының суып кетпеуіне көмектеседі. Екіншіден, босану кезіндегі ана мен бала өлімін болдырмайды», —деді Жыныстық және репродуктив денсаулық жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың директоры, контрацепция жөніндегі еуропалық қоғамның басқарма мүшесі, акушер-гинеколог Галина Гребенникова.

Қазақстанда әрбір алтыншы жұп —бедеу

Профессор Локшин әйелдердің тұрақты түрде дәрігерге барып қаралмайтынына тоқталды. Айтуынша, еліміздегі қыз-келіншектердің 79%-ы жылына бір рет болсын дәрігер маманның көмегіне жүгінеді. Соның ішінде 42%-ы жылына бір рет, ал 37%-ы бір реттен де аз барады. Бұдан өзге әйелдердің шамамен 20%-ы еш жері ауырмаса да, ауруханаға барып тексеріліп тұруды құптамайды. 

«Мемлекеттің болашағы қыздарымыз бен әйелдеріміздің өз денсаулығын қалай күтетінімен тікелей байланысты деуге де болады. Күні кеше дәрігерге барып көрініп тұрмаған азаматтардан түрлі онкологиялық ауру анықталып жатыр. Әсіресе, жасы үлкен әйелдерде. Жүргізген зерттеу барысында әрбір үшінші әйелдің ауру белгілері байқалса да, дәрігерге жүгінбейтіні белгілі болды. Олар маманға жағдайлары әбден нашарлаған кезде ғана барады. Үштен бір бөлігінің ғана тұрақты гинекологы бар. 

Меніңше, үштен бір бөлігінен көп әйелдің тұрақты шаштаразы бар.  Әйелдер көбіне қабынуға шағымданып келеді. Егер оны дер кезінде емдемесе, ақыры бедеулікке ұшырайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын 1,5 миллион 19 жасқа дейінгі жасөспірім түсік жасатады. Ал бізде мұндай жасөспірімдер саны 1,5 миллионға жетіп отыр. Бұл көп емес, бірақ аз деп те айтуға келмейді. Сол себепті жыныстық тәрбиенің маңызы зор, аурумен бетпе-бет кездескенше, оның алдын алған дұрыс деп ойлаймын», —деді Вячеслав Локшин.

Репродуктологтың мәліметінше, Қазақстанда әрбір алтыншы жұп немесе жалпы халықтың 15%-ы — бедеу. Әйел адамдардың көбінде түсік тастағаннан кейін жатыр түтігімен қиындықтар пайда болған. Сондай-ақ ол репродукция емханасына көмек сұрап келіп жатқандардың 30%-дан астамы 35 жастан асқан әйелдер екенін айтты. 

«Бедеулік дегеніміз —әйел адамның алғаш жыныстық қатынасқа түскен соң, арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, жүкті болмауы. Қазір әйел қауымы карьера жолына түсіп, бала тууды кейінге шегереді. Осының салдарынан аурулары туралы кеш біледі. 

«Психосоматиканың» да аса маңызды проблемалардың бірі екеніне тоқталып кеткім келіп тұр. Әрбір өзін құрметтейтін ЭКО емханада психолог маман жұмыс істейді. Олардың біліктілік деңгейі жыл сайын көтеріліп келеді.

Бұрындары ерлі-зайыптының денсаулығында барлығы жақсы бола тұра бала көтере алмау деген сияқты психосоматикамен байланысты проблемалар үлесі 7% болса, қазір 12%-ға жеткен.

Бірақ бұл цифр жылдан жылға артып келеді. Психолог пен болашақ ана арасында жақсы қарым-қатынас орнағанда әйелдердің репродуктивт технология қолданылмай жатып жүкті болған кезі жетерлік», —деді Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті. 

«16 рет баласын сақтап қала алмаған әйелдің оқиғасы»

Осы орайда, Орталық Азиядағы Психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова адамның ауруының астарында психологиялық себеп жататынын айтады. Маман өзінен ем алған бірнеше клиентінің оқиғасын бөлісті. 

«Кез келген психосоматикалық проблеманың астарында жасырын пайда жатады. Қандай жолмен пайда алып жатқанын адамның өзі саналы деңгейде білмеуі мүмкін. Мысалмен түсіндірейін. Бірде алдыма күйеуін бала туып бермей «жазалаған» әйел адам келді. Келіншек тұрмысқа шыққанға дейін өзі қалаған ЖОО-сына түсіп, карьера қуған. Алайда некелескеннен кейін жағдай түбегейлі өзгерген. Ер адам әйелінен оқудан шығып, үйде отыруды талап етеді. Тіпті, емтиханға күштеп жібермей қойған күндері болыпты. Жан-жарасын сыртқа білдірмесе де, бала тумай күйеуін бейсаналы жазалап тұр. 

Алдыма 16 рет жатырына бала бітіп, бірақ соны сақтап қала алмаған әйел келді. Өткен тарихын зерттей келе, әйелдің қазіргі күйеуін жақсы көрмейтінін, бейсаналы түрде одан балалы болғысы келмейтінін анықтадық.

Ұзақ жылдар бойы сүйіп келген сыныптасы басқа біреумен қолұстасқан екен. Осы шындықты қабылдағаннан кейін ғана ерлі-зайыпты ұлды болды», —деп бөлісті Анна Құдиярова. 

Психоаналитик көптеген қазақстандық әйелдің бедеу болуына ер адамның шектен тыс қатаңдығы мен қол көтеруі әсер ететінін айтты. Сондай-ақ ерлі-зайыптының бірінің тұқымында ми кемістігімен байланысты аурулардың болуы әсер ететініне тоқталды. 

«Қыз-жігіт болып жүріп жүрген кезде ерлі-зайыпты бір-бірін толық танымайды. Барынша жақсы қырларын көрсетіп, кемшіліктерін жасырады. Сол үшін отбасын құрмай тұрып психолог, психоаналитик маманның 10 сеансына барса, пайдасы мол болатын еді. Сеанс кезінде көп мәселенің бетін ашып, қаншалықты бір-біріне сай келетінін айқындап алады.

Бірде ерлі-зайыптының тарихын зерттей келе, еркектің әйелдің кемістігі бар туысынан жиіркенгенін білдік. «Менің де балам осындай болуы мүмкін. Ауруы тұқым қуалайды» деген қорқыныш бедеулігіне себеп болған. 

Тағы бір 5 жасар қызы бар келіншік балалы бола алмай жүргенін айтып жылап келді. Өзі екінші рет, күйеуі үшінші рет отбасын құрып отыр. Ер адамның алдыңғы некелерінде баласы болмаған. “Тастап кетеді” деп қорыққандықтан, әйелге өзінің бедеу екенін айтпаған. Тіпті, бар кінәні әйелге артқысы келген. Бар шындық ауруханаға тексерілуге барған кезде ашылған. Бедеулікке себеп болып отырған осы сияқты оқиғалар жетерлік. Бір нәрсені ескеру керек — бедеулік жатыр болмаған жағдайда ғана емделмейді. Өйткені бұл жерде ешқандай психологиялық себеп жоқ», —деді Анна Құдиярова. 

Ал репродуктолог-дәрігер Вячеслав Локшин әйелдер үшін 18-49 жас аралығында босану тиімді екенін айтады. Десе де, ол әйелдерге тек денсаулығы сау болған кезде босануға кеңес берді.