ГлавнаяБлог

«Бізді көп адам түсінбейді». Eco-frіendly тұрғындар өмір салтын қалай қалыптастырды?

Олардың өмірі қарапайым адамдардікінен өзгеше. Біреулерге бұл - «хайп», «уақытша тренд», «еріккеннің ермегі». Ал олар үшін бұлжымас салт. Эко-өмірге ауысу қаншалықты қиын немесе жеңіл? Бұл қадамға не түрткі болды? Қоғам қалай қабылдады? Еco-frendly кейіпкерлеріміз осы жөнінде әңгімелеп берді.

«Өмірімді бір видеоролик өзгертті» 

Бану-Ақкүміс Құспанова, Greenup.kz және Recycle Бірге экологиялық фондтарының негізін қалаушылардың бірі.

«Бірде әлемдегі ең үлкен Аккредегі электрон заттардың қоқыс полигоны туралы бейнероликті көрдім. Бұл қоқыс полигонына өркениетті елдер қоқыс тасымалдайды. Әрине, сол аумақта қайта өңдеу зауатын салғанша қоқысты полигонға төге салу оңай. Оған қоса, қоқыс ашық ауада жағылады.

Сол маңайдағы ауаны жұтқан адамдардың орташа өмір сүру жасы 30 жасқа дейін және әрбір үшінші балада қатерлі ісік бар. Қыз-келіншектер бала көтере алмайды. Егер бала  туса, онда оның көптеген ауытқу ауруы болады. Ролик менің өмірімде Жер ғаламшарында болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамау керек екенін ұқтырды. Күнделікті әрекеттеріме назар аудармасам да, мен айналаға әсер етемін.

2017 жылдың жазында экосауатты жолға түспес бұрын тазарту тәжірибесі туралы білдім. Facebook әлеуметтік желісінде AlmazEco қауымдастығына қосылып, әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар қалай тазалық жасағаны туралы есеп береді. Тазалық жасау тек айналаны емес, санаңызды да тазартқандай сезім сыйлайды. 

Экосалтпен өмір сүруімді туыстарым қабылдамады. 2015 жылы қоқыс пен қалдықтарды сұрыптауды бастадым. Ол кезде қайта өңдеу мекемелері аз әрі алыста болса да, бұл маған мотивация сыйлады. Қазіргі таңда күйеуім дүкенге экосөмке ұстап барады. Сонымен қатар ол қай ораманың өңделіп немесе өңделмейтінін ажырата алады. Егер дүкенші не себепті полиэтилен пайдаланбайтынымызды сұраса, жолдасым «Экология үшін» деп жауап береді. 

Экосалтпен өмір сүре бастағанымнан кейін сіңілім де менің қатарыма қосылды. Тіпті, Нұр-Сұлтанда @ecology_sparta_astana қозғалысын құрды. Ал құрбым Айгүл Төлешова Атыраудағы @atyraueco экология қозғалысының бастамашысы болды. Кейін анам да мені қолдап, Санкт-Петербургтегі үйіміздің жанында қайта өңдеуге арналған үш контейнер орнатты. 

Қандайда бір сыйлық алсам, ол қайта өңдеуге қабылданғанша үйімде жатады. Мысалы, тұрмыстық техниканың қаптамасынан қалған пенопласты қайта өңдеуге тапсырдым. Бұрын мүлдем қабылдамайтын түсті шыныны Алматыда қайта өңдеуге алатын болды. Ең қызығы – Мәскеуге қайта өңдеуге ескі аяқкиімімді тапсырғаным бар. Оған қоса, вегатерианмын. Сондықтан іс-шараларға шақырса, ештеңе жей алмаймын. Тіпті, пластик ыдыс болса қолданбаймын. Бұл біреулер қиындық ретінде көрінсе де, маған алға жылуыма үлкен мотивация сыйлайды. 

Экосалт мен үшін өмір салты емес, сүйікті ісім. Қазір бар уақытымды экологиялық қордағы жұмыстарға арнаймын және содан ләззат аламын». 

«Бізді көп адам түсінбеді» 

Базарбек Қамысбаев, экобелсенді әрі экоблогер. 

«Эко-өмір салтын ұстанып, осы тақырыпқа қызығып жүргеніме 3 жылдан асты. Оған Австрияда білім алған жұбайым себепкер болды. Австрияда суды үнемдеу, қоқыс сұрыптау, оны қайта өңдеуге өткізу сияқты нәрселерді адамдар күнделікті өмір дағдысына айналдырған. Ақылдаса келе, екеуміз осы нәрселерді неге елімізде жасап көрмейміз деп әрекетті өзімізден бастадық. 

2019 жылы «Жасұлан» ұйымы және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған Экоchallenge байқауына қатыстым.  Бұл жай ғана байқау емес, 21 күнге созылған ауқымды экомарафон. Марафонда тапсырмаларды күнделікті орындап отырдық.

Тағы бір қызық тұсы – тапсырманы өзің ғана емес, достарың да орындауы керек. Байқаудың арқасында достарым, әлеуметтік желідегі оқырмандарым өздеріне пайдалы нәрселерді біліп, экология туралы көп ақпарат алды. Пайдалы байқауға 500-ге жуық адам қатысты. Әділқазыларының шешімі бойынша жеңімпаз атандым. 

Алғашында бізді көп адам түсінбеді. «Бұл — еріккеннің ермегі», «жай ғана уақытша тренд», «хайп» дегендер де болды. Ал қазір уақыт өте келе, достарымыз бен таныстарымыздың арасында эко-өмір салтын ұстанатындар көбейіп жатыр. Мысалы, достарымыз бізге қонаққа келерде пластик қаптамасы бар заттар әкелмейді. Дүкенге барарда өздері де экосөмке ұстайды.

Осылай аз болса да, айналамыздағы адамдардың көзқарасын өзгертіп жатырмыз. Бір байқағаным – қазір елімізде саналы тұтынуды қолдап, осы бағытқа бет бұрып жатқан адамдар саны күн санап артып келеді. 

Бір өкініштісі – қазақ тілінде экология тақырыбындағы контент өте аз. Сондықтан осы мақсатта қазақша экоблог жүргізуді қолға алып, парақшамда пайдалы мәлімет, жеке тәжірибемді жазып жүрмін. Бұған қоса, ерікті ретінде басқа да орыс тіліндегі экопарақшалардың мәтінін аударып көмектесемін. 

Өмірімде экологияның маңызы зор. Өйткені біз барлығын осы өмір салтына сәйкес жасауға тырысамыз.  Экоөмір салтының алғышарты болып саналатын Zero Waste деген концепция бар. Zero Waste концепциясы қоқыс көлемін азайтуға, ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Ол үшін нақты не істеу керегін Беа Джонсон есімді экобелсенді 5R қағидасы арқылы көрсеткен.

  1. Алғашқы қадам – Refuse, яғни бас тарту. Артық затты пайдаланудан бас тарту керек. Қоқыс лақтырмау үшін  қоқысқа кететін заттарды сатып алмаңыз. Мысалы, пластик қаптамадағы заттарды алмаңыз, бірреттік ыдыстарды қолданбаңыз, артық киім мен тұрмыстық заттарды пайдаланбаңыз.
  2. Reduce – азайту. Егер белгілі бір заттан бас тарту қиын болса, оны тұтынуды барынша азайту керек. Мысалы, бес пакеттің орнына біреуін ғана алуға болады.
  3. Reuse – қайта пайдалану.  Біз күнделікті қолданатын заттарды жасауға өте үлкен мөлшерде ресурстар жұмсалады. Сондықтан әр затты ұзақ пайдалануға тырысыңыз. Ұзақ уақыт пайдалануға болатын сапалы заттарға назар аударып, соларды сатып алуға тырысыңыз.
  4. Recycle – қайта өңдеу. Қалдықтарды сұрыптаңыз. Сұрыпталған қоқысты қайта пайдаланып, жаңа өнім жасап шығаруға болады. Кейбір заттан бас тарта алмайтын болсаңыз, оны қайта өңдеуге тапсырыңыз.
  5. Rot – тыңайтқыш жасау. Тағам қалдықтарын жалпы жәшікке тастамаңыз, олардан пайдалы тыңайтқыш жасауға болады. 

Статистика бойынша Zero Waste концепциясын ұстанатындар өз бюджетінен 40%-ке дейін қаржы үнемдейді екен». 

«Экокәсіпті өміріме өзгеріс енгізу үшін бастадым»

Меруерт Рақымжан, Еcosana интернет-дүкенінің иесі.

«Эко-өмір салтқа қызығуым мектепте оқығанымда басталды. Өзім тұратын қаланың қоқыс қалдықтары мен полигондары туралы ғылыми жұмыс жаздым. Кейін Еуропада оқып жүргенімде, қарапайым халықтың шоппер ұстайтынын байқадым. Қазақстанға келгеннен кейін өзіме осындай сөмкені тігіп көруге бел будым.

Негізінен экосалтқа саналы түрде қызым дүниеге келгенде қадам бастым. Қызымның бірреттік жөргектерден көпреттік жөргектерге ауысудан бастадым. Мені құрбыларым қолдап, тіпті қызығушылық білдіреді. Ал аға буынға эко-өмір салтын түсіндіру қиын. Әзірге экосалтпен өмір сүрудің алғашқы қадамдарын жасап жүрмін. Мысалы, slow fashion әдісін, яғни бір жыл ештеңе сатып алмай және жергілікті өндірісті қолдау керек. Содан кейін менде киімге деген көзқарас өзгерді. Қазір ақылды тұтынушы ретінде табиғи матадан жасалған киімдерді сатып аламын. 

2020 жылдың тамызында интернет-дүкеннің атауын бір түнде таңдап, тауар жеткізушілерді таптым. Әзірге дүкеннің қызмет көрсетуі тоқтап тұр. Шынымды айтсам, мен бұл кәсіпті экотауарларды өз өміріме енгізу үшін бастадым. 

Экоөмір салтын енгізу үшін шешім қабылдай біліңіз және әрекетке көшіңіз. Мысалы, қайта пайдалануға болатын сусын ыдысын, жеміс-жидек сатып аларда шоппер немесе арнайы тор дорбалармен саудаласуға барыңыз. Жуынуға арналған гельдер мен сусабындарды қатты сусабынмен алмастырыңыз. Осындай шағын қадамдар арқылы өміріңіз өзгеріп, өзіңізді қоғамға пайдалы сезіне бастайсыз».