ГлавнаяБлог

Блокчейн деген не және ол өмірді қалай жеңілдете алады?

Қазір электрон сауда, электрон қызмет адамзат игілігіне жарап жатыр. Бірақ оған әлі де көпшіліктің еті үйренер емес. Өйткені кей цифрлық операциядан шикілік шығып, уақыт алатыны тағы бар. Бірақ IT-мамандар қарап отырған жоқ, цифрлық қызметтерді барынша ашық, оңай әрі сенімді етудің амалдарын ойластырып жатыр. Солардың бірі, әрі негізгісі – блокчейн технологиясы. 5Q Media-ға бағдарламалаушы Ақылжан Балтасов блокчейннің не екенін қарапайым мысалдармен түсінідіріп берді.

Блокчейн — желіде ақпараттарды сақтайтын блоктар тізбегі. 

Бастапқыда адамдар ақпаратты тасқа жазып сақтады, кейін қағазға жазды. Құжаттың бәрі қағаз түрінде жазылды. Кейін адамзат цифрлық дәуірге өтіп, деректерді компьютерге енгізетін болды. Блокчейн де – дәл сондай электрон дерекқор. Бірақ оның басқалардан басты артықшылығы — ондағы деректі өзгерту немесе өшіру мүмкін емес, тек жаңа дерек қосуға болады. 

Оның орталықтанған органы жоқ, яғни оған белгілі бір ұйым да, мемлекет те иелік етпейді. Мысалы, қазір қаржыға, құжатқа және өзге де мәліметтерге қатысты операциялар делдалдар арқылы жүзеге асырылады (банк, мемлекеттік қызмет және тағы басқалары). Ал блокчейнде ешқандай делдал болмайды, операциялар тікелей жүзеге асады. 

Блокчейнді «таратылған тіркеу технологиясы» деп те атайды, өйткені мәмілелердің бүкіл тізбегі мен иелерінің нақты тізімі көптеген тәуелсіз пайдаланушының компьютерінде сақталады. Сондықтан онда алаяқтық жасау мүмкін емес. Мысалы, Нұрсұлтан деген ақын Қайрат деген әншіге ән мәтінін сыйға берді. Қайрат ол мәтінді меншіктеп алуы үшін Нұрсұлтанды ертіп, бірнеше мемлекеттік органға баруы керек. Оларға өтініш жазып, әннің иесі екенін дәлелдейтін құжат алады. Сөйтіп, Қайрат барлық жерде құжатын көрсетіп, әннің өзінікі екенін ұялмай айтып жүреді. Бір күні Қайрат құжатын жоғалып алды. Оның жаңасын алу үшін Қайрат тағы да мемлекеттік органдарға барып, архивті ақтарып, құжатты қайта жасатады. Бірақ оның бірден дайын болатынына кепіл жоқ, бәрібір әнді өзінің меншігі екеніні дәлелдейтін тағы бірнеше құжатын көрсетіп, бірнеше кезеңнен қайта өтуі керек болады. 

Ал Қайрат блокчейн технологиясын білсе, мәселесін бірден шешетін еді. Себебі блокчейннің әр блогында Қайраттың Нұрсұлтанмен жасаған мәмілелері сол күйі сақтаулы болады. Оны ешкім өзгерте алмайды. Ал құжатын блокчейндегі криптографика алгоритмімен жасалған жабық кілті арқылы бір сәтте қайта жасатып алады. Себебі блокчейн ештеңені ұмытпайды, жоғалтпайды. Тек блоктың кілтін есте сақтау керек. 

Блокчейннің тағы бір пайдасы — Қайрат пен Нұрсұлтанның арасында ешқандай делдал болмайды. Сондықтан «бір құжатта қате кетті-ау, бір сан ұмытылып кетті-ау» деген сияқты, адами факторлардың болуы сирек. 

Тағы бір мысал, шетелдегі досыңызға ақша жіберуіңіз керек болды. Бір елден басқа елге қаржы аудару кезінде бәрібір банк жүйесіндегі проблема, хакерлік шабуыл, алаяқтық немесе қызметкерлердің қатесі немесе транзакция туралы жазба жоғалып кетуі сияқты қауіп болады. Мұндай мәселе сирек болуы мүмкін, бірақ болмайтынына да ешкім кепіл емес.

Егер бухгалтер есебін белгілі бір ұйым жасап, транзакция туралы жазба тек бір жерде сақталса, тек соған тәуекел етесіз. Ал блокчейн технологиясы мұндай тәуекелді азайта алады. Өйткені онда блок тек бір компьютерде емес, бірнеше жерде сақталады, яғни блоктар тізбегі бір сәтте барлық жаққа таралады.

Блокчейн қайда қолданылады, қандай мәселені шешеді?

Блокчейн технологиясының қолдану аясы шексіз. Ол қағазбастылықты жою, транзакция шығынын азайту, кешенді процестердің орындалу мерзімін қысқарту, келісімшарттың автомат режимінде (smart contract) орындалуын бақылау, сыбайлас жемқорлықты болдырмау және тағы басқа мүмкіндіктер береді. Қазір уақыт өткен сайын бұл технологияға сұраныс артып келеді, мемлекеттік органдар да қызығушылық танытып жатыр. Қазір табысты іске асып жатқан бағыттар қатарында қаржы секторы, логистика, мемлекеттік қызметтер бар. Себебі блокчейнде делдал болмағандықтан бәрі ашық, сенімді болады. Тіпті, мұнда іске асқан операцияны құпия істеу қиын. Сондықтан кей деректі жасырып қалу да мүмкін емес. Оның осы қасиеті жабық өткізілуі тиіс операциялар үшін тиімсіз болып отыр. 

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының да көздегені — осы. Елде барлық саланы цифрландыру арқылы бәрін ашық, жылдам, тиімді іске асыру —  негізгі мақсат. 

Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінде блокчейн электрон астық қолхатын шығаруға көмектеседі. Сонымен бірге астық иелерінің де оны қабылдаушы пункттердің де мәліметтерді өзгертіп, жымысқы әрекет жасауына жол бермейді. Бұл жерде шаруаның несие төлеуге қабілетті екенін дәлелдеуі жеңілдейді.

Қазақстанда блокчейн технологиясы қолданылатын бірнеше жоба іске асырылды. Мысалы:

  • Астық қолхаттарын есепке алу – фермерлер мен сақтандыру компанияларында астық қолхаттары арқылы мәмілелердің ашықтығын арттыратын ҚР АШМ жобасы;
  • Invest Online – қаражатты бағалы қағаздарға инвестициялауға көмектесетін Ұлттық Банк жобасы;
  • BaaS (Blockchain as a Service) – «Қазақтелеком» жобасы.

Қазақстанда бұдан да басқа әртүрлі сатыдағы бірнеше жоба бар.

Сонымен, блокчейннің қысқаша түсіндірмесі осындай. Алдағы материалдарда блокчейн технологиясының жекелеген салаларда қолданылуын түсіндіреміз.