ГлавнаяБлог

DAR Day: 17 студент компанияда тағылымдамадан өтеді

Студенттер онлайн-курс оқу тәсілдерін жақсарту бойынша қызық идеялар ұсынды

Өткен аптада КИМЭП университетінде DAR Day хакатоны болып, оған 5 команда қатысты. Студенттер спорт және білім саласындағы өнімдерді цифрландыруға қатысты идея ұсынды. Оған қоса, компания эксперттері шеберлік сағатын өткізді. Командалардың барлық мүшесі компаниядан 2 апталық тағылымдамадан өтуге жолдама алды.

Шараға университет студенттерінен құралған мына командалар қатысты: 

1. IBU

2. Utmost

3. Ladybags

4. Angry nerds

5. Honey

Хакатонда Angry nerds және Ladybags командалары жеңімпаз болды. Олар онлайн-курстар ұсыну тәсілдерін жақсарту бойынша қызық материалдар әзірлеген. Сонымен бірге оқу процесін жетілдіруге арналған құралдар қосуға қатысты креатив идеялар ұсынды.

Angry nerds командасы

Angry nerds командасы онлайн курс оқитындардың екі мәселесін шешуді қарастырды. Олар: 1) курс оқушылар бір-бірімен байланыса алуы; 2) курсты соңына дейін жеткізуге ынталандыру.

Команда мүшесі Ернұр Сәлиев КИМЭП-те 2-курс оқиды. Ол проблеманы қалай шешкенін айтып берді.

Статистика бойынша, онлайн курс оқитындардың бір-бірімен байланысуы қиын. Сол үшін біз онлайн курстарға чат қостық. Сонымен қатар бір-бірімен жарысатынын сезіну үшін Achievement бөлімін қостық. Онлайн курста тапсырма орындағаны үшін қосымша сертификаттар берілетіндей еттік. Мысалы, курсты оқып біткеннің бәрі қола сертификат алады делік. Сосын біз дайындаған қосымша тапсырмаларды орындап, алтын сетрификатқа дейін жететін мүмкіндігі бар. Сертификаттар онлайн курсты аяқтауға мотивация болады,

– дейді Ернұр.

Тапсырма күрделенген сайын сертификаттың да салмағы арта түседі. Бұл – ынталандыру жүйесі. Бір адамда қола сертифкат болса, екіншісі алтын алса, демек екіншісі көбірек әрі күрделірек мәселені шешкен деген сөз.

Angry nerds командасында бес адам болды, олар хакатонға екі-ақ күн дайындалыпты.

Бізге берілген 2 аптада мидтерм тапсырып, емтиханнан өтіп жүрдік. Сондықтан хакатонға сабақтан кейін жиналып дайындалдық. Біреу ұйықтап қалса, оны оятып, презентациямызды жалғастыратынбыз. DAR компаниясының ұжымынан позитив сезіледі. Тағылымдама барысында көп тәжірибе үйреніп, машық қалыптастырамыз,

– дейді команда мүшелері.
Ladybags командасы

Ladybags командасы онлайн курс сатып алатындардың курсты соңына дейін оқу ынтасын арттырмақшы. Бұл үшін қолданба жасауды ұсынды. 

Адамдардың үш типі болады: жұмысты ала сап орындайтындар, жұмысты жартылай орындайтындар және соңына жеткізбейтіндер. Осы ерекшелікті ескеріп, онлайн курс оқитын студенттердің зейін қоюына мән береміз. Бұл үшін Forest қолданбасы принициптеріне сүйенеміз. Forest — тайм-менеджментті реттейтін қолданбалардың бірі. Қолданушы уақыт белгілеп, сол уақыт барысында ағаш өсіреді,

– деді команда презентация кезінде. 

Команда адамдар ақпаратты қалай қабылдайтынына мән берді. Аудиал және визуал адамдарға онлайн оқу қиынға түспесі анық. Ал ақпаратты иіс сезу, түйсіну сияқты сезімдер және қандай да бір қимыл арқылы қабылдайтын кинестетик типі бар адамдарға сол курсты жасағандармен кездесу ұсынылды. 

Оған қоса, қолданушы профиль толтырғанда қызығушылығы жазылатын бөлікті қосамыз. Сонда бір нәрсеге қызығатын адамдар белгілі бір жерде кездесіп, нетуоркиң жасай алады,

– дейді команда мүшелері.

Команда қолданба жасау үшін әуелі SQL базасына бағдарлама жазып, оны HT Lab-қа көшірген. 

Үшеуміз де кодтауды жақсы білеміз. Мен SQL базасына бағдарлама жаздым, ал Айкүміс пен Сымбат осыны HT Lab-та істей бастады,

– дейді Мерей.

Командадағылардың бәрі IT мамандығын таңдаған. Команда мүшесі Мерей Сабырова КИМЭП-те 3-курс оқып жатыр. Мерейден не себепті IT саласын таңдағанын сұрадық.

Командамызда Айкүміс физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебін, мен Республикалық физика-математика мектебін аяқтадым. Сымбат когнитивтік ғылымды оқиды, яғни психология, тілдер және бағдарламалауды үйреніп жатыр. Физика-математиканы білсең, бағдарламалаудың негізін оқысаң, IT саласына кету қиын емес деп ойлаймыз. Маған менеджмент саласынан гөрі IT қызығырақ. Осы бағыт бойынша жұмыс істеймін. DAR компаниясына тағылымдамадан өтуге жазда барамын,

– дейді Мерей Сабырова.

Командалар жұмысын DAR компаниясының senior аналитигі Жадыра Хайрулина, DAR Lab және DevRel Google инновациялық зертханасының Орталық Азия мен Моңғолия бойынша жетекшісі Асқар Айтуов, DAR компаниясының видео өндірісі менеджері Әйгерім Ноғайбай бағалады.

Жадыра Хайрулина зерттеу жасап, өз гипотезасын мақұлдай алған командаларға ұпай қосып отырғанын айтты.

DAR компаниясы data driven құндылықтарын ұстанады. Кез келген тұжырым зерттеу жасалып барып бекітілсе, бағалырақ болады. Мұндай еңбекті Angry nerds командасынан көрдік. UTMOST командасы сауалнама жүргізіпті. Бұл IT саласында CustDev деп аталады, яғни өнімнің дамуына қатысты қолданушылардан инсайт алынған. Бұл – өнімге қатысты міндетті бөліктің бірі,

– деді Жадыра Хайрулина.

Ол UTMOST командасының онлайн курсқа ойын әдісін қосу идеясын ерекше айтып өтті. Команданың осы идеясы үшін ұпай қосылды. Дегенмен ойынды техникалық жағынан енгізу қиындау болатынын жасырмады.

Angry nerds командасының идеясын іске асыруға келеді. Ал Ladybags командасы проблемаға кешенді түрде қадам жасаған. Әуелі проблеманы зерттеп, оны шешуге байыпты түрде кіріскен. Командаларға алғыс айтамыз,

– деді Жадыра.

Асқар Айтуов қатысушыларға мотивация берді.

Студенттерге қарап отырып өзімнің кезінде идея ойлап табуға бейім болғаным есіме түсті. Кейінірек әр нәрсеге шүбә келтіретін болдым. Сіздерге біреу қолыңнан келмейді десе, сенбеңіз. Алда олай дейтіндер көбейеді, тек армандауды тоқтатпаңыз. Ең бастысы, жаңа идеялар ойлап табу қабілетінен айырылып қалмауға тырысу керек,

– деді Асқар Айтуов.

Әділқазылар алқасы барлық қатысушыға DAR компаниясында 2 апталық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берді. Студенттер тағылымдамадан өзіне ыңғайлы уақытта өте алады.