ГлавнаяБлог

Tez Tap ойыны ел арасында қалай тез танылды?

Facebook-тің қазақша сегментінде кейінгі кездері танымал бола түскен ойын түрі бар. Ол — Tez Tap куизі. Олай дейтініміз, бірі ойынға қатысқанын, енді бірі командасымен түскен суретін не қойылған сұрақты талқылап жарыса жазып жатады.

Алғашында үстел ойыны түрінде бастау алған куиз қазір әжептәуір нығайды, ауқымы кеңейді. Қатысуға ниетті командалар саны да әр ойын сайын өсіп келеді. Мұндай трендті назардан тыс қалдырмайын деп ұйымдастырушыларға хабарласқан едік. Tez Tap идеясының авторы Дана Қамзабек порталымызға көңілді қазақша викторина ұйымдастыруды қалай бастағанын, қазіргі ауқымын және жоспарын бөлісіп, әңгімелеп берді.

Өткен жексенбіде куиз Наурыз мерекесіне байланысты қазақы стильде өтті. Басына тақия киген ерлер, қамзолы үстіне жараса кеткен қыз-келіншектер кештің сәнін одан әрмен келтірді. Бұл жолғы ойында командасымен қазақша киініп келіп, дресс-кодты ұстанғандарға бонус ретінде жалпы қорытындыға 10 ұпай қосылды. Егер «Бұл сонда қандай ойын?», «Ерекшелігі неде?» деген сауал ойға оралып жатса, сәл күтіңіз. Бәрін түсіндіреміз.

Tez Tap алғашында үстел ойыны ретінде басталған. Көпшілікке белгілі «Крокодил», ALIAS сияқты ойындардың қазақшасын шығарғымыз келді. Ондағы мақсатымыз отбасымен уақыт өткізуге сеп болу, қазақ тілінде көңіл көтеретін сапалы дүние жасау болған. Алғашқы қадамдар жасалды, ойынды шығардық. Қарасақ, жұртшылық өте жақсы қабылдап жатыр екен. Содан оны одан әрі дамытқымыз келді, — дейді Дана ойын идеясының қалай туындағанын айтып.

Айтқандай, қазақша куиздің бастау алғанына бір жыл болды. Жоғарыда айтқанда мерекелік кеш дәстүрлі Наурыз тойымен ғана емес, осындай атаулы күн болғанымен де ерекше. «Былтыр Наурызды есте қаларлықтай өткізу үшін мерекемен тұспа-тұс алғашқы сайысымызды өткізген едік. Оған дейін мұндай ұйымдастыру тәжірибесі бізде болмаған. Әрине, түрлі интеллектуал ойынға қатысып жүрдік. Содан Бибарыс Сейтақ, Бауыржан Мұқатай, Мерей Ермұханов, Аршат Ораз сынды авторлармен бірігіп, кірісіп кеттік. Басында көбі форматты дұрыс түсінбей, адам жинауға қиналған едік. Кейіннен үйреніп кетті. Бүгінде 100 шақты қатысушы тұрақты түрде келіп отырады».

Командада авторлардан бөлек, музыкант, мобилограф және екі көмекші бар. Ойын барысында бақылап, көмектесіп жүреді. Дананың айтуынша, әр сұрақ ойдан құрастырылады, еш жерден аударылмайды, көшірілмейді.

Біз басқа тілден аудармаймыз. Сондықтан жергілікті қазақ аудиториясына өте өзекті сауалдар қойылады. Мұны мен ойынымыздың басты артықшылығы дер едім. Себебі басқа тілдегі куиздер франшиза арқылы ұйымдастырылатындықтан, сұрақтың барлығы шетелге қатысты болады, — дейді идея авторы.

Кез келген істі алғашқы болып бастау оңай емес. Куизді ұйымдастыруда түрлі қиындық болатыны да заңды. Дананың сөзіне сүйенсек, бұл жерде ең қиыны — сұрақ құрастыру.

«Өйткені сұрақ қызық болмаса, адамдар жалығып кетеді. Одан кейін серіктестер табу да оңай емес. Әр ойында жеңіске жеткен командаларға сыйлықтар ұсынамыз. Соларды беретін серіктестерді іздеп, келісу керек. Аса қиындық тудырмаса да, біршама уақыт алады. Меніңше, мұндай мәселелерді шешу үшін сенім мен махаббат қана керек. Бұл жеке өзімнің жобам болғандықтан, махаббатым шексіз. Қанша сүрінсем де, тұрып, қайта бастауға қашанда әзірмін».

Желіде ойын туралы естігендер астаналықтарға қызығып жататынын арагідік пікірлерден көріп қаламыз. Ойынға қатысқан командалар салған жазбаның астында міндетті түрде «біздің жаққа да осындай ұйымдастырса жақсы болар еді» деген сөз жазылады. Ауқымды кеңейтуге қатысты ойын сұрағанымызда, ұйымдастырушылар мұндай жоспардың барын алға тартты. «Қазір франшиза әзірлеп жатырмыз. Басқа қалаларда ұйымдастырғысы келетіндер бізге хабарласса болады. Франшиза алу мәселесін талқылаймыз. Бәрін өзіміз түсіндіреміз, көрсетеміз, сұрақтарды береміз. Бастысы, идеясы, құндылығы бізбен үндессе болғаны. Сол ғана маңызды. Әлбетте, франшиза болғандықтан, өз бағасы болады» дейді Дана ауқымды кеңейтуге қатысты.

Біз Tez Tap-ты адам ретінде елестетіп, оның портреті қандай болуы мүмкін деп ойландық. Идея авторының жауабы мынадай болды: «25-35 жас аралығындағы қазақ, көзі ашық, ойын атмосферасын, жаңа эмоцияларды жақсы көретін адам сияқты көрінеді. Неге екенін қайдам, бізде журналистер өте көп жиналады. Алдағы уақытта өзге де орта көбейеді деп сенемін. Өйткені менің ойымдағы Tez Tap бір ортаны ғана қамтымайды. Көпшілікке орта ойын түріне айналғанын қалаймын. Осы бағытта аудиторияны нығайту жұмыстарын істеп жатырмыз. Сіздер айтқанда, Tez Tap адам болса, ол толықтай менің табиғатымдағы адам болар еді деп ойлаймын. Өмірге риза, қазақ тілін, қазақ елін сүйетін, шынайы патриот, білімге, жаңашылдыққа құштар адам. Қазақ өзі тойшыл халық қой. Куиз ортасы да сондай — көңіл көтере алады, ойынға құштар.

Сөз соңында ойын форматы туралы қысқаша айта кетсек. Алдымен 3-10 адамнан тұратын команда жасақтайсыз. Тіркеу үшін топ атынан төлем жасап, чек пен топ атауын +77082421669 жіберу қажет. Кіру жарнасы — адам басына 2 мың теңгеден. Әдетте әр жексенбі, сағат 17:00-де болады. Жаңалықтардан құр қалмас үшін ойынның ресми парақшасына жазылып қоюға болады.

Куиз алты турдан тұрады. Әр турдың күрделілігі мен уақыты әр түрлі. Әрқайсында — 6-7 сұрақтан. Жүргізуші сұрақты оқиды. Ал оны талқылауға 30 секунд пен 1 минут аралығында уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде командамен талқылап, жауабын параққа жазу керек. Тур аяқталған соң парақ ұйымдастырушыларға өткізіледі. Сөйтіп ойын соңында ұпайлар саналады да, жеңімпаздар анықталады. Алғашқы үштікке сыйлықтар үлестіріледі. Демеушілер қатарында National Geographic, Oyla журналдары, Steppe&World кітап баспасы, Көкшетауда шығатын Prima Naturale лимонадтары бар. Ойынның басты талабы — мықты эрудиция емес, көтеріңкі көңіл-күй мен білімге ұмтылыс.