ГлавнаяБлог

UI/UX дизайнер деген кім? Бұл мамандықты қайдан оқуға болады?

UI (user interface)-дизайнер интерфейс жасаумен айналысады. Ол өнімнің сыртқы көрінісін, сипатын жасап шығады. Түс үйлесіміне, парақшадағы объектілердің орналасуына, шрифт және тағы басқасына мән береді. Ал UX (user experience)-дизайнердің міндеті – қолданушылар осы интерфейспен қалай әрекет ететінін ойластыру. Жалпы, UI/UX дизайнер – сайттың немесе қолданбаның дизайнын жасап, оны қолданушыға ыңғалайтын маман.

Мамандық қазір қалай өзгеріп жатыр? UX/UI дизайнерлер қанша табады? Оны қайдан оқуға болады? Бұл туралы DAR компаниясының аға UX-дизайнері Владимир Полуянов айтып берді. 

«Біз қазір CX-дизайнерге айналып барамыз»

UX/UI дизайнерлерінің жұмысын түсіне бастаған адам мұның бұрынғы web-дизайн екенін ұғады. Айырмасы сол, екеуінің атауы екі басқа. Тіпті, UX-дизайнер деген web-дизайнердің қазіргі заманауи аты дер едім.

Ал болашаққа қарасақ, UX-дизайнер product-дизайнер ретінде өзгеріп келе жатыр. Бұл – келесі деңгей. Демек біз тек user experience емес, CX (customer experience)-ке айналып бара жатырмыз. CX-дизайн сайттың ыңғайлы болуына, қолданушылар пікіріне мән береді. Мұның бәрі – мамандықтың табиғи түрде эволюциялануы.

Жалпы, біз компанияның ішінде UX және UI-дизайнер деп бөлмейміз. Былай қарасақ, UX-дизайнер өнім жасайтын компанияның ішіндегі клиенттің адвокаты сияқты. Оның негізгі міндеті – сайтты немесе қолданбаны түсінікті етіп жасау. Барлығы қолданушыға анық болуы керек. Ол сайтқа кіргенде интерфейстің мақсатын қағып алатындай, проблемасын жылдам шешетіндей етіп жасау қажет.

Біз интерфейс салып қана қоймай, түрлі зерттеу жүргіземіз. Олар: бастапқы зерттеу, болжамдарды тестілеу, парақшаларды тестілеу және тағы басқа. Біз көптеген қолданушыны жинап, интерфейстердегі өзгерістер арқылы олардың проблемасын шешуге тырысамыз.

UI/UX дизайнер қанша табыс табады?

Headhunter сайты біз сияқты юикс-дизайнерлердің айлығы туралы ақпарат жариялапты. Жаңадан бастағандар 200 мың теңгеден, тәжірибесі бары 300 мың теңгеден, ал ең біліктілері 600 мың теңгеден бастап жалақы алады деп көрсетілген.

Дегенмен осы салада істеп жүрген адам ретінде айтарым, UI/UX дизайнерлер мұндай жалақыдан әлдеқайда көп табады.

Қалай UI/UX дизайнер болуға болады?

Қазір мұның жолы өте көп. UI/UX дизайнер университеттерде арнайы оқытылатын мамандыққа айналды. Біздің елімізде UI/UX дизайнер болудың екі жолы бар: ақылы курстар сатып алу және интернеттен тегін ақпарат жинау.

DAR university UI/UX дизайнер мамандығын басынан бастап үйрететін курс жасап шығарды. Осы жылға өтінім беру аяқталғанымен, келер жылдың сәуірінен бастап қайта басталады. Курс ұзақтығы – 5 ай. Қатысушылар аудиторияға не қажет екенін талдауды, клиенттің болжалды әрекеттерін жасауды және Figma-да керемет прототип жасауды үйреніп шығады.

«Батыс елдерінің юикс компанияларына қарап бой түзеймін»

Мен бұл мамандықты өз бетімше үйрендім. Ол кезде «юикс» деген ұғым болған жоқ. Дизайнмен, сайт, қолданба жасаумен айналысып жүргеніме 10 жылдай болды. Ол кезде мұндай мамандық та, оны үйрететін ментор да болмады, арнайы білім алмадым. Жалпы, 9 кластық білімім бар. Орта мектепті бітіргенім туралы аттестат да, диплом да алғаным жоқ.

Бәрін интернеттен үйрене бастадым. Сенсеңіз, ол уақытта видеосабақ та жоқ еді. Өз бетімше үйренген біліммен сайт жасайтын студияда 4 жыл жұмыс істедім. Тапсырыс берушілердің өзі сайт дегеннің не екенін, оның қажеті қанша екенін біле бермейтін. Тапсырыс берушімен бірге отырып істейтінбіз. Сайтта клиентке қолайсыз жағын айқындап, оны қалай шешуге болатынын ойластырамыз. Оларға өнімнің құнын түсіндіреміз. Менің тәжірибем Қазақстан нарығымен бірге дамыды. Елімізде юикс дизайнер деген мамандық пайда болысымен, осы салаға ауыстым.

Қателесіп, оны түзеп, тәжірибе жинап, мамандықты меңгеріп кеттім. Көбіне батыс елдерінің табысты юикс компанияларына қарап бой түзеймін. Соларды зерттеймін, оқимын. Ондай компаниялар өте көп. Мысалы, The Norman Group – бұрыннан юикс саласын зерттейтін компания. Талдауды оқығанда, бастысы, қай ақпарат жұмысқа қажет болатынын, ал қайсы анализ үшін жасалған зерттеу екенін ажырата білу керек.

Сосын 3 жыл маркетиңмен айналысатын компанияда істеп, маркетиңге арнаған дизайн жасап жүрдім. 2018 жылдан бері DAR компаниясында істеп келем. 

Басты фото: Несси Гилева