ГлавнаяБлог

«Интеллектуал әрі шығыны көп». Баланы хоккейге баулуға қанша қаражат қажет?

Қазақстанда қысқы спорт түрлері аса танымал емес, ал балалар арасында сұраныс жоқ. Дегенмен мәнерлеп сырғанау не хоккей сияқты спорт түрлері қарқынды дамып келеді деуге негіз бар. Еліміздің солтүстік пен шығыс өңірінде және ірі қалаларда хоккей дәстүрі орныққан.

Қазақстанда ата-аналардың хоккейді таңдауына екі кедергісі болуы мүмкін. Біріншісі – спорт түрі аса танымал емес. Екіншісі – хоккей көп шығынды талап етеді.

Әдетте хоккей секциялары ақылы болады. Ірі қалаларда айына 50 мың теңге, шет аймақтарда 15-20 мың теңгеден басталады. Оған қоса, киім-кешегі мен керек-жарағына кететін шығынды есепке алу керек. Дегенмен еліміздің кейбір аймағында тегін секциялар бар. Мәселен, Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын астаналық «Барыстың» мектебі балаларды тегін қабылдайды. Ол үшін жылда өтетін іріктеу кезеңінен сүрінбеу керек.

Алматы тұрғыны Олжас Оқас ұлын хоккейге берген. Біз одан баланы осы спорт түріне баулуға не себеп болғанын және хоккеймен айналысуға қанша қаражат кететінін сұрадық.  

«Неге хоккей? Өйткені бұл — нағыз ерлер спорты. 5-6 жаста ұл баланың мінезі қалыптаса бастайды. Ер адам кішкентайынан бәсекеге қабілетті болуы керек деп есептеймін. Хоккей — қажырылықты қажет ететін көркем, интеллектуал спорт. Ұлымнан «Хоккейге барасың ба?» деп сұрағанымда «Иә» деп нық жауап берді. Содан қаладағы «Динамо» клубына жібердік. Байқауымша, жаттығу жүйесі жақсы. Мәскеудің мамандары жұмыс істейді. Бапкерлер штабы балаларды қадағалап, шыңдалуына көмектеседі. Тәртібі де қатал. Мұнда 2 ай жалпы физикалық дайындықтан өтіп, тәртібі түзелген балалар ғана мұзайдынға шыға алады», — дейді Олжас Оқас.

Ата-ана хоккейге берген төрт жасар баланы бастан аяқ киіндіру үшін 300 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жұмсайтынын айтты.

«Арзан емес. Бірақ үнемдеудің де жолы бар: бойы өсіп, есейген балалардың киімі сатылады. Ата-аналар чатындағы хабарламаларды бақыласаңыз, табасыз. Киілген спорттық киімнің құны 200 мың теңге шамасында болады», — дейді Олжас Оқас.

АҚШ-та хоккей клубында ойнаған тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы Бұлбұл Қартанбаева қазіргі уақытта мұхиттың арғы бетінде балалар жаттықтырушысы болып қызмет істейді. Тәжірибелі бапкер ата-атаналарға баласына таңдау құқығын беру керегін айтты.

Бұлбұл Қартанбаева фотосы
Бұлбұл Қартанбаева

«Баланы «Нақты мына жастан бастап хоккейге апару керек» деген қағида жоқ. 3 жастан бастап қатыса берсе болады. Бәрі ата-ананың таңдауы мен баланың қалауына байланысты. Бала 8-9 жасына дейін әр спорт түріне қатысып, зерттеп көруі керек. Содан кейін ғана өзіне ұнайтын спорт түрін таңдағаны жөн. Мұндай кезде ата-ана баласына таңдау құқығын беруі қажет.

Оған қарсы келмей, керісінше барынша қолдау көрсеткені жөн.

Сонда ғана бала өзіне ұнайтын спортпен құлшынып шұғылданады», — дейді маман.

Бұлбұл Қартанбаева мұндай жағдайды Америка мен Канададан байқаған. Бұл елдерде хоккейге көзқарас басқаша. Хоккей секциялары да өте көп. Ата-аналар балаларына таңдау береді. Бала бастапқыда аптасына екі-үш спорт түріне баруы мүмкін. Сосын өзі ұнатқан спорт түріне басымдық береді. Содан да болар, осы екі елде балалар арасында хоккей — жоғары сұранысқа ие спорт түрі.

Сондай-ақ Бұлбұл Қартанбаева баланы хоккейге берерде ескеру қажет шығындар жайлы да ескертті.

«Баланы хоккейге бермес бұрын шығындалуға дайын болу керек. Тұрақты шығыннан бөлек аяқ-асты алатын керек-жарақтар да болады. Әдетте баланың формасы 300-500 мың аралығында тұрады. Бұл — жаңа киімнің бағасы. 70-100 мың теңгеге қолдан форма алуға болады. Ескеретін жайт, жыл сайын форма ауыстыруға дайын болу қажет. Өйткені балалардың бойы жылдам өседі. Сосын секция үшін төлейді. Бұл шамамен 50-60 мың теңгеден басталады. Командалық жаттығудан бөлек, қалауыңызға қарай, жеке бапкермен дайындалуға болады. Әрине, бұл әр ата-ананың қалауына байланысты. Соққы жасауды үйрену, дұрыс сырғанау, мұзайдында өзін ұстауға үйрететін жаттығулар бар», — дейді ол.

ШығынАйынаЖылына
Секцияға төлейтін жарна10-15 мың150-180 мың
Жеке дайындық  20–30 мың240-300 мың
Мұз айдынында үйрену  15–20 мың180-200 мың
Қақпашыларға жеке жаттығу  30–40 мың260-320 мың
Қосымша секциялар  10– 15 мың140-160 мың
Жарысқа баруЖарыстар Қазақстанның әрбір қаласында өтуі мүмкін
Жол шығыныХоккей заттарының үлкен болуына байланысты қоғамдық көлікпен қатынау қиын. Сондықтан такси ақысын да есептеген жөн

Хоккеймен кәсіби айналысу үшін қосалқы спортты да қатар алу қажет болады. Ол үшін жүзу, мәнерлеп сырғанау, бокс сияқты қосымша спорт түріне қатысуға болады. Мысалы, жүзу шыдамдылыққа, мәнерлеп сырғанау коньки тебуге, ал бокс өзіне сенімді болуға үйретеді. Дегенмен мұның бәріне қосалқы спорт ретінде мән берген жөн.